Қазақ қоғамында қарт – ақылдың кені, елдік пен бірліктің тірегі. Ақсақалдың батасы мен сөзі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани мұра саналады. Ардагерге көрсетілген құрмет – қоғамның адамгершілік деңгейінің айқын көрінісі. Қаражал қаласында бұл ұстаным нақты істермен дәлелденіп келеді.
Осы орайда Қаражал қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мереке Жұманбаевамен кең көлемді сұхбаттасып, Қаражал қаласында ардагерлер мен ақсақалдарға көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлықтың мән-жайын біліп қайттық.
– Мереке Рахымбайқызы, жалпы, ақсақалдың қоғамдағы миссиясын қалай түсінесіз?
– Ақсақал – тек өткеннің куәгері емес. Ол – бүгіннің бағдары, ертеңнің аманаты. Ақсақал сөзі – билік емес, сенімге негізделген бедел. Біздің басты міндетіміз – қоғамдық келісімді сақтау, үлкен мен кішінің арасындағы алтын көпірді үзбеу.
– Қалалық Ақсақалдар кеңесінің құрылуы туралы айтып берсеңіз.
– 2025 жылы Қаражал қаласында Ақсақалдар кеңесі құрылды. Кеңес төрағасы болып Мешітбай Омаров, орынбасары болып Әбдірәсіл Рақым сайланды. Кеңес 11 мүшеден тұрады. Әрқайсысы қаланың дамуына үлес қосып жүрген, өмірлік тәжірибесі мол азаматтар. Қоғамдық кеңеспен, аналар кеңесімен, ардагерлер кеңесімен тығыз байланыста жұмыс істейді.
– 2025 жыл Қаражал қаласының ардагерлері үшін қалай қорытындыланды?
– 2025 жылды ардагерлер мен ақсақалдар үшін нәтижелі, мазмұнды жыл болды деп сеніммен айта аламын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, барлық іс-шаралар қалалық әкімдік бөлімдерімен, мәслихатпен, қала ұжымдарымен және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста өтті.
Ең бастысы – ардагерлер өздерін қоғамнан шет қалған жоқпыз деп сезінді. Жинақталған құжаттардың негізінде 4 азаматқа «Тыл еңбеккері» мәртебесі берілді. Қазір қалада барлығы 16 тыл еңбеккері бар.
– Қаладағы ардагерлер саны мен олардың жағдайы туралы айтып өтсеңіз.
– Қаражал–Жәйрем аймағында 2000-нан астам зейнеткер бар. Оның ішінде Қаражал қаласында 200-ден астам ардагер тұрады, жалғызбасты зейнеткерлер саны – 80-нен асады. Мейрам күндері олардың үйлеріне барып, сый-сияпат, тәттілер себетін табыстау дәстүрге айналды.
– Ардагерлердің қала өміріне араласуы қалай жүзеге асты?
– Ардагерлер қаланың маңызды қоғамдық өмірінен тыс қалған жоқ. Қалалық спорт стадионының, жабық бассейннің, Рәміздер алаңының ашылу салтанаттарына ақсақалдарымыз қатысып, бата берді. Бұл – дәстүр сабақтастығының, рухани тәрбиенің айқын көрінісі.
Сонымен қатар, қалалық мерекелерде, мәдени іс-шараларда ардагерлер көрермен ретінде концерттер мен қойылымдарды тамашалады. Белсенді өмір салтын қалыптастыру – біздің басты бағыттарымыздың бірі.
– Ардагерлердің рухани және зияткерлік өмірі қалай қолдау табуда?
– Бұл бағытта қалалық орталықтандырылған кітапхананың еңбегі зор. Кітапхана жанынан «Алтын оймақ» – іс тігетін әжелер клубы құрылды. Жетекшісі – Жайнагүл Ұзақова. Кітапхана ұжымы ардагерлер мен қарттарға арналған маңызды іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Сол үшін оларға ерекше алғыс айтамыз.
Сонымен қатар, ардагерлеріміз шахмат спортынан қалалық, облыстық кезеңдерде жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Владимир Полищук, Владимир Бойков, Станислав Марченко, Әбдірәсіл Рақым сынды ардагерлерімізді мақтан тұтамыз.
Тағы бір ауыз толтырып айтатын шара – қазақ әдебиетінің классигі, жерлесіміз Сәкен Сейфуллиннің туған күніне арналған іс-шара ерекше өтті. Жазушы ескерткішінің алдында ардагерлер қатысып, атасының шөбересі Сәкен Орынбекұлы Сейфуллинмен және туысы Әбікен Әбдірахмановпен кездесті.
Кездесу кітапханада жалғасып, қонақтар жазушының 10 дана кітабын сыйға тартты.
– Алдағы 2026 жылға қандай жоспар бар?
– Жұмыс осы қарқынмен жалғаса береді. Ең басты мақсатымыз – әкімдік бастамасымен салынып жатқан қоғамдық ұйымдарға арналған ғимаратта Ардагерлер кеңесінің кабинетін қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз ету. Бұл – ардагерлерге жасалатын нақты қолдау болмақ.
Қарттарымыз – елдің қазынасы, ұрпаққа үлгі болатын тағылымы мол жандар. Олардың еңбегін бағалап, өмір сапасын жақсартуға бағытталған әрбір іс – қоғамның болашағына салынған инвестиция. Ардагерлерге көрсетілген құрмет пен қамқорлық ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс.
Сұхбаттасқан: Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
