Жол – елді мекеннің тұрмыс-тіршілігін айқындайтын маңызды инфрақұрылымның бірі. Өңірлерді байланыстыратын күре жол да, ауыл-ауылдың ішін жалғап жатқан қара жол да халыққа жайлы, қауіпсіз болса, күнделікті өмірдің де, экономиканың да тынысы ашылары сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, Жәйрем кентінде сан жылдар бойы күрмеуі тарқамай келген жол мәселесі көпшілік үшін ең өзекті түйткілдердің біріне айналған еді. «Жүру оңай, жөндеу қиын» деген сөз дәл осы жағдайға айтылғандай.
Дегенмен, соңғы уақыттарда бұл мәселе бірден болмаса да, кезең-кезеңімен шешімін тауып, кент тұрғындарының көңіліне сенім мен үміт ұялата бастағаны қуантады.
Бұрын, әсіресе, көктем мен күз мезгілінде жауын-шашынға байланысты жаяу жүргіншілер лайға батып, көлікпен қатынау қиынға соғатын. Ал жаз айларында жолдың сапасыздығынан көтерілген шаң-тозаң тұрғындардың да, жүргізушілердің де әбден зәресін алатын. Дөңгелек астындағы шұңқыр мен ойдым жерлер көліктердің техникалық жағдайына кері әсерін тигізіп, қосалқы бөлшектердің тез сыр беруіне себеп болатын. Мұндай жағдайлар отбасылық бюджетке салмақ түсіріп қана қоймай, жүйкеге де үлкен салмақ салып келгені жасырын емес. Сондықтан, жолдың бейнетін күн сайын тартып жүрген тұрғындар үшін жол мәселесінің оң шешімін табуы аса маңызды еді.
Осы тұрғыда былтырғы 2025 жылы Жәйрем кентінде автокөлік жолдарын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, келісімшарт аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Нәтижесінде 13 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, олардың жалпы ұзындығы 4,82 шақырымды, ал жөнделген жол жамылғысының аумағы 26 610 шаршы метрді құрады. Жөндеу жұмыстары Ескі Жәйрем қиылыстары, Серпін, Геофизикалық, Керуен, Геологиялық, Жандосов, Жұбанов, Целинный, Асатов, Қазына, Самал, Самостройка және Ветеранов көшелерінде жүзеге асырылды. Аталған жұмыстарды «Арқа Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орындады.
Ескі Жәйрем тұрғыны Ербол Боликулов бұл өзгерістердің халық үшін маңыздылығын ерекше атап өтеді. Оның сөзінше, бұрын жауын-шашынды күндері батпаққа батып жүру қалыпты жағдайға айналса, жаздың құрғақ уақытында шаңнан көз ашу мүмкін болмайтын. Жүргізушілер діттеген жеріне зорға жетіп, көліктерін жиі жөндеуге мәжбүр еді. Мұның бәрі уақытты да, қаржыны да босқа шығындап, тұрғындардың жүйкесіне салмақ салатын. Қазір жолдардың біртіндеп жөнделе бастауы – ұзақ жылдан бері айтылған жанайқайдың ескерілгенінің белгісі деп қабылдайды көпшілік.
Кент әкімі Қайрат Жансағымовтың айтуынша, жол жөндеу жұмыстары көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрғындардың жүріп-тұру жайлылығын арттыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі. Былтырғы жылы Жәйрем кенті мен Ескі Жәйрем аумағындағы 13 көшеге орташа жөндеу жүргізілсе, биыл бұл жұмыстар өз жалғасын табады. 2026 жылға Жәйрем кенті бойынша жалпы ұзындығы 5,965 шақырым болатын бірнеше учаскеде жол жөндеу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «Ынтымақ» орамында 1,32 шақырым, Мақатаев көшесінде 0,955 шақырым, Ералиев көшесінде 0,91 шақырым, Әуезов көшесінде 0,45 шақырым, Шынтуринов көшесінен Қаражал трассасына дейінгі аралықта 1,815 шақырым және Дәрібеков көшесінде 0,515 шақырым жол жөнделмек. Қазіргі таңда аталған жоспарлы жұмыстарға арналған ашық конкурс жарияланып, бір ай көлемінде мердігер анықталады деп күтілуде.
Жолдарды қалпына келтіру мен жөндеу тек сыртқы көріністі жақсарту үшін емес, ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыру үшін қажет. Сапалы жол – апат қаупін азайтып, көлік қозғалысын реттеп, әлеуметтік нысандарға, мектеп пен емханаға қатынауды жеңілдетеді. Сонымен қатар, шаң-тозаңның азаюы экологиялық ахуалды да жақсартуға өз ықпалын тигізеді. Жол инфрақұрылымының жөнделуі жергілікті экономиканың дамуына да оң әсер етіп, кенттің жалпы келбетінің жаңаруына жол ашады.
Қорыта айтқанда, Жәйрем кентінде көп жылдан бері қордаланған жол мәселесінің кезең-кезеңімен шешіле бастауы – нақты істің нәтижесі. Былтыр атқарылған жұмыстар мен биылға жоспарланған бастамалар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі қадам екенін көрсетеді. Алдағы уақытта да сапаға мән беріліп, жөндеу жұмыстары уақытында әрі талапқа сай орындалса, Жәйрем жолдары елді мекеннің дамуына серпін беретін берік негізге айналары сөзсіз.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
