Жезқазған. 26 қаңтар. ҚазТАГ – Ұлытау облысында вейптердің заңсыз саудасы және дропперлік фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды ҚР қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі.
«ҚМА Ұлытау облысы бойынша департаменті электронды тұтыну жүйелерін (вейптерді) заңсыз сату, сондай-ақ төлем құралына заңсыз қол жеткізу (дропперлік) фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде», – делінген дүйсенбі күнгі хабарламада.
Тергеушілердің айтуынша, 2024 жылдан бастап Сәтбаев қаласының тұрғыны әлеуметтік желілер арқылы вейптерді сатуды ұйымдастырған. Өнімді өткізу қашықтан жүзеге асырылып, жеткізілім курьер арқылы жүргізілген.
«Вейптерді сатудан түскен қылмыстық кірістірді заңдастыру мақсатында күдікті «дроп-схеманы» қолданған: ақшалай сыйақы үшін ол үшінші тұлға — дроппердің атына рәсімделген банктік мобильді қосымшасына қол жеткізген. Тінту барысында 500-ден астам вейп тәркіленді», — деп атап өтті ҚМА.
Ұйымдастырушыға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылды.
Соттың санкциясымен оның банк шоттарындағы Т30,7 млн көлеміндегі ақшалай қаражатына тыйым салынды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
«2025 жылғы қыркүйектен бастап ҚР Қылмыстық кодексінде дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Атап айтқанда, банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына заңсыз қол жеткізуді беру, тапсыру немесе алу, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүддесіне материалдық сыйақы үшін заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру қылмыстық құқық бұзушылық. Қылмыстың ауырлығына, әрекеттердің сипатына және алынған пайданың мөлшеріне байланысты ҚР ҚК-нің 232-1-бабы бойынша айыппұлдан бастап мүлікін тәркілей отырып, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», — деп еске салды агенттік.
