Қысқа қамданыс – бүгіннен

«Қыстың қамын жазда ойла» дейді шаруа баққан халық. Жылу беру саласының мамандары да осы қағиданы ұстанған. Сондықтан сала мамандары қыс мезгілінде үздіксіз қызметті қамтамасыз ету үшін ерте іске кіріседі. «Ақау шығады-ау» деген тетіктерді ауыстырады. Ескірген құбыр, тозығы жеткен құрылғыларды жаңартатын тиімді кезең де осы мезгіл.

Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, жылу беру маусымына дайындық жұмысы тиімді жүзеге асуда. Арнайы құрылған штабта дайындық шаралары пысықталып отырады. Іс-қимыл кестеге сəйкес, жоспарлы түрде жүзеге асуда. Мəселені қала əкімі Тілектес Досаев тікелей бақылауына алған.

Жалпы өңірде 28 автономды қазандық пен 2 орталық қыста жылумен қамтамасыз етеді. Жылуды тиісті нысандарға жеткізетін ұзындығы 3,2 шақырым құбырлар бар. Қазір қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен мəдени-əлеуметтік нысандарда тозығы жеткен тетіктерді ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

– Биыл Қаражал-Жəйрем өңірінде жылу беру нысандарын жаңғыртуға қатысты көлемді жұмыс жоққа тəн. Соңғы екі-үш жылда пəрмнді жұмыс жүргізілді. Бірнеше модульді жылу қазандықтары орнатылды. Биыл осындай бір нысан қолға алынып отыр. Ол – Жəйрем кентіндегі молульді жылу қазандығы. Қазандықтың қуаттылығы – 6000 кВт. Онда əрқайсы 1500 кВт жылу беретін үш қазан болады. Бұл кенттегі 16 көпқабатты үйдің 11-ін жылумен қамтамасыз етеді. Аталмыш модульді кешен қолданыстағы 4 жылу қазандығын алмастырады, – дейді салаға жаапты қалалық бөлім басшысы Нұрсұлтан Сауытбаев.

Оның айтуынша, жаңа жылу орталығынан тиісті нысандарға дейін 2,2 шақырым жылу желісі тартылады.

Алдағы кезеңде Қаражал-Жəйрем өңіріне қажетті қатты отын көлемі 9 979 тоннаны құрайды. Бұған бюджеттен қажетті қаржы қарастырылған. Осы тұрғыда, Жəйрем кентіндегі жылу қазандықтары мен тұрғын үйлерге қажетті 3 333,0 тонна көмір облыс əкімдігі мен «Казцинк» ЖШС арасындағы меморандум негізінде алынатынын айта кеткен лəзім.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ