Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе 2 ай ішінде кезектен тыс Президент сайлау өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет — Тоқаев

Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе 2 айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлау өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты.

Фото: Ақорда
— Қазіргі Ата заңға сәйкес, Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Сенат төрағасының мемлекеттік басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес, келесі лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте мәселенің бәрі қалған мерзімге деген сөзге келіп тіреледі. Осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, қалған мерзім 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе 2 айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлау өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келу керек. Бұл мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма енді Мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағидат болуы тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Құрылтайда кәсіпкерлікке жеңілдетілген несие жүйесін енгізу ұсынылды.

https://kaz.inform.kz/news/halikaralik-ekologiya-sammitnde-aral-maseles-talkilanadi-prezident-c902f1/