Кеңістікті тиімді пайдалану, ыңғайлылық пен қауіпсіздікті арттыру, жұмыс пен корпоративтік іс-шараларды ұйымдастыруға жағдай жасау және санитарлық-гигиеналық талаптарды жақсарту мақсатында жертөле толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи жиһаздар мен медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталды. Күрделі жөндеу жұмыстарына қаражатты Ұлытау облысы әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасы бөлсе, барлық жиһаздар мен қажетті құрал-жабдықтарды «Казцинк» компаниясы сыйға тартты.
Аурухана директоры Дәурен Смағұловтың айтуынша, Ұлытау облысы әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасының қаржылай қолдауы және «Казцинк» компаниясының әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы аясындағы демеушілігі арқасында жертөле бұрынғы қойма ретіндегі қызметінен арылып, көпфункционалды аймаққа айналды. Мұнда жұмыс орындары, сақтау аймақтары, іс-шаралар мен демалысқа арналған кеңістік ұйымдастырылды. Жаңа жабдықтар қатарында құжаттар мен инвентарды сақтау үшін металл шкафтар, шаруашылық материалдарына арналған сөрелер, жұмыс аймақтары мен акт залына арналған үстелдер мен орындықтар, қызметкерлердің қысқа демалысы үшін дивандар мен орындықтар, ұсақ құралдар мен материалдарды сақтайтын тумбалар мен сөрелер, медициналық бұрышқа арналған үстел мен шкафтар, асхана үстелі мен орындықтар, жиналыстар мен мәдени іс-шараларды өткізуге арналған дыбыс жабдықтары және ыдыс сақтау мен тамақ дайындауға арналған ас үй гарнитуры бар. «Казцинк» компаниясының қолдауы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына адалдығын және серіктес ұйымдардың инфрақұрылымын дамытуға қамқорлығын көрсетеді. Бұл жоба бизнес пен әлеуметтік саланың табысты өзара әрекеттесуінің үлгісі болмақ.
Аурухана басшысы атап өткендей, бұл өзгерістер үлкен жоспардың тек алғашқы қадамы. Материалдық тұрғыдан ғана емес, кадрлық тұрғыдан да халыққа қажеттіліктің бәрін орындауға күш салынуда. Бұрын қойма ретінде пайдаланылған үстіңгі қабаттағы кабинеттер енді науқастарды қабылдайтын заманауи бөлмелерге айналды. Жертөледе мұрағат, душ қабылдайтын орын, су қоры жиналатын аймақ, қазандық бөлімі, шаруашылық тауарлары сақталатын қойма, жұмыскерлер шешінетін орын, медициналық қалдықтарға арналған бөлмелер және басқа да қажетті аймақтар қолданысқа берілді. Сонымен қатар, бұрын жоқ болған акт залы да енді бар.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Дәурен Смағұловтың бұл бастамасы өңірдегі денсаулық сақтау саласының дамуына қосылған үлкен үлес. Сан жылдар бойы жөндеу көрмеген, жаңаруды армандаған ауруханада соңғы уақытта көптеген жақсы өзгерістер орын алуда. Бас дәрігердің айтуынша, әлі де талай жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Медициналық мамандар тапшылығы жойылып, аурухана іші біртіндеп жаңаша кейіпке түсуде. Халықтың көңілі толатын мықты жұмыстар жасалса, басшының мықтылығының белгісі сол. Басшысы мықты ұжым ешқашан ыдырамай, бірлік пен тірліктері жарасқан ұйымшыл орта болары анық. Сондықтан, тек жақсы жаңалықтармен бөлісейік, құрметті ақ халатты абзал жандар!
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
