Қауіпсіздікке арналған жаңа шешімдер

Жәйрем кен байыту комбинатында еңбек жағдайларын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Нәтижесі бірден байқалатын іс-тәжірибелер енгізілуде. Атап айтқанда, жанар-жағармай материалдарын құю станциясы бөлімшелерінде және «Жәйрем» кенішінің карьерлік су төгу учаскесінде жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарының жаңа түрлері қолданысқа енгізілді.

Жанар-жағармай құю станцияларында қызметкерлер ашық аспан астында орналасқан өрт сөндіргіштердің жағдайына назар аударды. Қауіпсіздік ұсақ-түйектен басталатынын, ал күнге күйіп кеткен немесе тот басқан өрт сөндіргіш жауапты сәтте істен шығуы мүмкін екенін түсіне отырып, алаңдарда практикалық шешім қабылданды. Қызметкерлер өз күштерімен берік брезенттен жасалған қаптар тігіп, барлық тасымалданатын өрт сөндіргіштерге орнатты. Қаптарды дайындау үшін ультракүлгін сәулеге және жауын-шашынға төзімді, тығыз материал пайдаланылды. Олар өрт сөндіргіштің корпусын және механи калық тораптарын қызып кетуден, түсінің өңуінен, шаңнан және тоттанудан сенімді қорғайды.

Сонымен қатар, конструкциясы жабдыққа жедел қол жеткізуді қамтамасыз етеді: клапанды көтеру жеткілікті – өрт сөндіргіш бірден пайдалануға дайын.

– Жаңа қап – бұл шын мәнінде жабдыққа арналған қорғаныш «киім», ол оның қызмет ету мерзімін ұзартып, сенімділігін сақтайды, – дейді Қойма шаруашылығының шебері Әлібек Ерлан. – Идея бақылаулардан туындады: баллондардың мерзімінен бұрын тозып бара жатқанын көріп, әрекет ету қажет екенін түсіндік.

Қаптар орнатылғаннан кейін өрт сөндіргіштердің жағдайы тұрақтанды: олар күнге күймейтін болды, коррозияға азырақ ұшырайды және әрдайым жұмысқа жарамды күйде сақталады.

Еңбекті қорғау жөніндегі мамандар кәсіпорындағы өрт қауіпсіздігінің жоғары деңгейі дәл осындай, алғашқыда қарапайым болып көрінетін шешімдерден қалыптасатынын атап өтті.

«Жәйрем» кенішінде күн сайын ең күрделі жұмыстардың бірін атқаратын қызметкерлерге назар аударылды. Олар «Батыс» және «Қиыр-Батыс» карьерлерінің қабаттарында тік құбыржол трассасының учаскелерін монтаждау және демонтаждау жұмыстарын орындайды. Дәл осы трасса су бұру жүйесі мен технологиялық сумен жабдықтау жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Бұрын бұл операциялар биіктіктен құлау қаупіне байланысты ықтимал қауіпті деп саналатын. Жұмысты қауіпсіз ету мақсатында карьерлік су бұру учаскесі заманауи HB EVAK15M тарту құрылғыларын сатып алды.

Бұл жүйелер артық тросты автоматты түрде таңдайды, адамның қозғалысын еркін қайталайды, ал кенеттен жұлқыну кезінде бірден бұғатталып, жұмыскерді ұстап қалады. Бұл тік бағыттағы қозғалыстарды табиғи әрі сенімді етеді.

– Жаңа жабдық биіктікте орындалатын жұмыстарға көзқарасты түбегейлі өзгертті, – деп атап өтті кеніштің еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі техникалық басшысы Айнұр Мұқашева. – Қызметкерлер енді артық тартылуды сезбейді, трос шатаспайды, ендігі жерде қозғалыс еркін әрі қауіпсіз. Оқытудан кейін біз мынаған көз жеткіздік: тартқыш құрылғы – бұл бір мезгілде жұмысты жеңілдетіп, өмірді қорғайтын шешім.

Айнұр Бейбітқызы құрылғылар енгізілгеннен кейін тік бағыттағы жұмыстарды орындау кезінде құлау қаупі жойылып, учаскедегі өндірістік қауіпсіздік жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Қорғаныш қаптар да, заманауи қауіпсіздік құрылғылары да – Жәйрем кен байыту комбинатында қауіпсіздіктің ең алдымен адамдардың бастамасы мен ұсақ-түйектерге мән беруден қалыптасатынының мысалдары. Көптеген іс-тәжірибелер жұмыс орындарында туындайды, өйткені, нені ең бірінші кезекте қорғау қажет екенін қызметкерлерден жақсы ешкім білмейді. Бөлім басшылары дәл осындай қадамдар қауіпсіздіктің тек міндет емес, әдеттегі іс-әрекетке айналған мәдениетін қалыптастыратынына сенімді.

Алена ЕРМОЛАЕВА.