Тоғызқұмалақ – қазақ халқының сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін, ақыл мен сабырды, терең ой мен төзімділікті талап ететін ұлттық зияткерлік ойын. Бұл ойын ата-бабамыздың өмір салтымен, дүниетанымымен біте қайнасқан асыл мұра, ұлт рухының айнасы деуге толық негіз бар. Абай Құнанбайұлы сүйіп ойнаған, зердені шыңдайтын бұл ойын бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпай, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде маңызды рөл атқарып келеді.
Осы орайда, Қаражал қаласында кейінгі кезде қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақ қарқынды дамып, игі бастамалар жүзеге асуда. Соның бір дәлелі – жуырда өткен тағылымды жарыс.
Аталған сайыс «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының ұйымдастыруымен өтті. Бұл жарыс жас өрендердің ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, олардың жүрегіне сенім мен үміт ұялатты. Сабыр мен батылдықтың сыналған сәттері көрерменді бейжай қалдырмады.
Сайыстың шымылдығын түрген «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа төрешілік еткен Бақытгүл Көбегенова – Қаражал қаласы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің спорт нұсқаушысы әділдігімен, кәсіби біліктілігімен ойынның жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосты.
Тоғызқұмалақ баланың математикалық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, жауапкершілікке, әділдікке, алға мақсат қоя білуге тәрбиелейді. Бұл – жеңісті ғана емес, жеңілісті де парасатпен қабылдауға үйрететін өмір мектебі.
Тартысқа толы бұл бәсекеде әр қатысушы жеңіске деген жігерін, ұлттық ойынға деген сүйіспеншілігін көрсете білді. Әр жүріс – терең ойдың, әр шешім – тәжірибе мен парасаттың жемісі болды. Расында да, Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ бүгінгі ұрпақтың қолында қайта жаңғырып, рухани сабақтастықтың айқын көрінісіне айналып отыр.
Жарыс қорытындысы бойынша Әбдіхалық Елеукен – І орынды, Зере Сембай – ІІ орынды, Зере Дүйсенбай – ІІІ орынды иеленіп, өзара бөлісті.
Жарысқа қатысқан жас ойыншылардың ата-аналары мұндай сайыстардың балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, ұлттық рухта тәрбиеленуіне зор ықпал ететінін атап өтті.
Бұл ойын – тарихтың тұғыры, ұлттық болмыстың белгісі. Тоғызқұмалақ – тек ойын емес, ол – тәрбие, тәртіп, ұлттың ойлау жүйесі. Осындай тағылымды шаралар арқылы жас буын өз тамырын танып, өткен мен бүгіннің арасын жалғайтыны сөзсіз.
Алдағы уақытта да бұл игі бастама өз жалғасын тауып, тоғызқұмалақтың ауқымы кеңейіп, шеберлігі шыңдала берсе екен дейміз. Ұлттық ойынға деген қызығушылық артып, жас дарындардың қатары көбейіп, өңірден талай мықты тоғызқұмалақшылар түлеп ұшарына сенім мол. Сананы сергітетін, рухты асқақтататын бұл асыл мұра ұрпақтан ұрпаққа аманат болып, Мәңгілік елдің рухани қазынасына айнала берсін.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
