Кітап – рухани қазына

Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханасында руханият пен білімді дәріптеген тағылымды шара — «Ең үздік жыл оқырманы» номинациясын табыстау салтанаты өтті. Бұл іс-шара кітап оқуды насихаттауға, рухани құндылықтарды ұлықтауға және жас ұрпаққа өнеге көрсетуге бағытталды.

Шараның салтанатты ашылуы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Кеш шымылдығын «Айвива» би тобының биші қыздары орындаған «Кербез сұлу» биі түріп, ұлттық өнер мен мәдениеттің сұлулығын паш етті.

Ән әуенімен әрленген кеш барысында Тоғжан Аманкешова, Нұрмұхан Әбдіғаппаров, Еркебұлан Дүкенбаев орындаған әсерлі әндер шараның мазмұнын тереңдетіп, рухани атмосфераны байыта түсті.

Кештің ең маңызды әрі толғандырар сәті — «Ең үздік жыл оқырманы» номинациясының иегерлерін марапаттау болды. Бұл атаққа өмірлік тәжірибесімен, кітапқа деген сүйіспеншілігімен кейінгі буынға үлгі болып жүрген қала тұрғындары ие болды. Атап айтқанда, Қаражал қаласының Құрметті азаматы, зейнеткер Рахымжан Сатанов, зейнеткер Владимир Веремьев, сондай-ақ, Светлана Казявкина жыл бойы белсенді оқырман ретінде танылып, зор құрметке бөленді. Олардың кітапқа деген адалдығы келер ұрпаққа өнеге, рухани сабақ боларлық айқын үлгі.

Сонымен қатар, орталық балалар кітапханасының 14 жасқа дейінгі оқырмандары арасынан суырылып шығып, «Ең үздік оқырман» атанған жас жеткіншектер де ерекше аталып өтті. № 7 ЖББМ оқушысы Абай Жарқынбай мен 8 сынып оқушысы Ақбаян Бөлеген білімге деген құштарлығымен, кітап оқуға деген тұрақты қызығушылығымен көпшілікке үлгі бола білді. Бұл — жас оқырмандардың рухани дамуға деген ұмтылысының, жарқын болашаққа бастар сенімді қадамының дәлелі.

Аталған іс-шара кітаптың адам өміріндегі маңызын тағы бір мәрте айқындап, оқырман мен кітапхананың арасындағы рухани байланысты нығайта түсті. Кітап оқитын қоғам — ойы сергек, болашағы нық қоғам. Осындай тағылымды кездесулер арқылы жас ұрпақтың жүрегіне білімге деген сүйіспеншілік ұялап, ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтар қалыптасары сөзсіз.

Алмагүл МҰХАМЕДЖАНОВА,

 оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.