Қаражал қалалық мәслихатының кезекті ХХХVІІІ сессиясы өтті. Бұл жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелер қаралып, алдағы жылдарға арналған нақты жоспарлар бекітілді. Күн тәртібіне 15 мәселе енгізілді. Олардың әрқайсысы қала өмірі үшін стратегиялық маңызға ие.
Сессияда ең алдымен 2026- 2028 жылдарға арналған қалалық бюджет жобасы талқыланды. Бюджет әлеуметтік міндеттемелерді толық қамтып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, Қаражал-Жәйрем өңірінің 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Бұл құжат жаңа әдістемеге сәйкес әзірленіп, өңірдің кешенді дамуын қамтамасыз етуге арналған нақты индикаторлар мен инвестициялық жобаларды қамтиды.
Сессияда «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында әзірленген Жол картасының іске асырылу барысы да қаралды. Өз баяндамасында қала әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов білім беру нысандарын жаңғырту, жастарға арналған инфрақұрылым салу, әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй беру және газбен жабдықтау жобалары бойынша жүргізілген жұмыстарға, сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау бағытында іске асырылған гранттық жобалар мен жастардың белсенділігін арттыруға жасалған жағдайларға тоқталды.
Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы айта келіп, жастар ресурстық орталығының бастамасымен патриоттық тәрбие, кәсіби бағдар, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында көптеген іс-шаралар өткізілгенін, волонтерлік қозғалыс белсенді дамып, әлеуметтік қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарып жүргендігін, жылыту маусымы белгіленген мерзімде басталып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етілгенін, қажетті отын қоры толық жеткізіліп, жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілгенін баяндады.
Сессияда тұрақты комиссиялардың және мәслихат төрағасының есептері тыңдалды. Әлеуметтік сала, құқық қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология, сондай-ақ, бюджет пен экономика бағытындағы комиссиялар өз жұмыстарының нәтижелерін баяндады. Мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова депутаттық корпус қызметінің ашықтығын арттыру және тұрғындармен кері байланыс орнату бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Сессияда 2026 жылдың І жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітіліп, мәслихат аппаратының құрылымы мен қаржыландыру жоспары қаралды. Бұл шешімдер өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
