Қаражал қаласында мешіт жанынан жаңа сауат ашу орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Рухани маңызы зор бұл игі бастама қала тұрғындары мен жамағаттың қуанышына айналып, өңірдің рухани өміріне тың серпін берді.
Ислам дінінде білім алудың орны ерекше. Қасиетті хадисте: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» деп айтылуы да ілімнің адам өміріндегі маңызын айқындайды. Осы ұстанымды басшылыққа алған жаңа орталық жас ұрпақтың діни сауатын ашып, рухани тәрбие беру жолындағы маңызды қадам болып отыр.
Салтанатты шараға арнайы Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы қатысып, жиналған жамағатты жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде мұндай білім ошақтарының қоғам үшін мәні зор екенін атап өтіп, жасөспірімдердің дұрыс бағытта тәлім-тәрбие алуына айрықша үлес қосатынын жеткізді.
Жалпы аумағы 150 шаршы метрді құрайтын ғимаратта шәкірттердің сапалы білім алып, жайлы жағдайда болуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Атап айтқанда, орталықта асхана, дәретхана, ұстаздарға арналған жеке кабинет, сондай-ақ, балаларға арналған жатын орындары бар. Бұл шәкірттердің білім алумен қатар күнделікті тұрмысын да толық қамтитын кешенді орталық екенін көрсетеді.
Жаңа сауат ашу орталығының ашылуы – бүгінгі таңда жастардың рухани иммунитетін қалыптастыру жолындағы нақты іс. Себебі, діни сауатты, саналы ұрпақ – қоғам тұрақтылығының кепілі. Осындай орталықтар арқылы балалар мен жасөспірімдер тек діни білім алып қана қоймай, ізгілікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиеленеді.
Салтанатты шара барысында орталықтың алдағы жұмысына ақ бата беріліп, шәкірттерге білім жолында табандылық пен сәттілік тілегі айтылды. Жиналған қауым жаңа орталықтың ел игілігі үшін қызмет ететініне сенім білдірді.
Айта кетейік, мешіт жанынан ашылған бұл сауат ашу орталығы алдағы уақытта Қаражал қаласындағы діни-ағартушылық жұмыстардың маңызды тірегіне айналмақ. Мұнда шәкірттер Құран әліппесін меңгеріп, рухани-адамгершілік бағыттағы тағылымды білім алады деп күтілуде.
Рухани тәрбие мен білім ұштасқан жерде береке болары сөзсіз. Қаражалда бой көтерген жаңа білім ордасы – соның айқын дәлелі.
Талғат СОВЕТОВ,
Қаражал қалалық «Нұр» мешітің бас имамы.
