«Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында облыс көлемінде ұйымдастырылған «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының қорытындысына арналған салтанатты іс-шара өтті. Шараға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысып, байқау жеңімпаздары мен қатысушыларын марапаттады.
Өңір басшысы өз сөзінде еңбек адамдарының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесінің айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, жұмысшы мамандық иелерінің күнделікті тынымсыз еңбегі облыс экономикасының берік негізін қалыптастырады.
«Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз – өңір экономикасының басты тірегі. Зауыттарда, кен орындарында, өндіріс алаңдарында атқарылып жатқан әрбір жұмыс Ұлытау облысының тұрақты дамуына нақты үлес қосуда», – деді облыс әкімі.
Байқау қорытындысы бойынша «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы», «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталып, қаржылай сыйақылармен марапатталды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен олардың басшыларына кәсіби кадр даярлауға қосқан үлесі үшін арнайы марапаттар табысталды.
