Ұлытау облысында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

Ұлытау ауданының Жезді кентінде 160 орындық заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы толық аяқталып, салтанатты түрде пайдалануға берілді.

Ашылу рәсіміне Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысып, өңір тұрғындарын жаңа спорт нысанының іске қосылуымен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде бұл нысан Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және салауатты ұлт қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясатының нақты нәтижесі екенін атап өтті.

— Бұл спорт кешені – ел дамуының стратегиялық басымдықтарының бірі саналатын бұқаралық спортты дамыту мен қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Президентіміз халық денсаулығын нығайту мәселесіне әрдайым ерекше мән беріп келеді, — деді облыс әкімі.

Қос қабатты спорт кешенінде баскетбол және волейбол ойындарына арналған әмбебап спорт залы, көрермендерге арналған орындар, әкімшілік кабинеттер мен арнайы қосалқы бөлмелер қарастырылған. Жаңа нысан тұрғындардың спортпен тұрақты түрде айналысуына және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жыл соңына дейін Ұлытау облысында бірқатар спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарланған. Атап айтқанда, Жезқазған қаласында есу спортына арналған спорт кешені, Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде 210 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені, сондай-ақ Ералиев ауылында ангар үлгісіндегі жылдам салынатын спорт кешені ел игілігіне берілмек.