Қаражалдай еңбеккер қаланың өркендеу тарихында әр дәуірдің өзіндік қиындықтары мен бетбұрыстары болды. Сол сындарлы кезеңдерде мойымай, тынымсыз тірлігімен, маңдай терімен биікке көтерілген азаматтардың есімі әрқашан ел жадында сақталады. Сондай азаматтардың бірі – бүгінде өңірге белгілі шаруашылық басшысы, жомарт жан, еңбек адамы Мәди Құсайынов.
1969 жылы Қаражал қаласында дүниеге келген Мәди Құсайынов – еңбекпен есейген буынның өкілі. Өндіріс пен шахтаның даусы үзілмейтін, қайнап жатқан тіршіліктің ішінде өскен ол онжылдық мектепті аяқтаған соң Қаражал қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, құрылысшы мамандығын таңдайды. Жастайынан қолынан іс келетін, жауапкершілікті сезіне білген ол училищені тәмамдаған соң құрылыс саласында еңбек жолын бастайды.
Алайда, 1990 жылдардың басындағы қоғамдық-экономикалық күйзеліс көп саланы тығырыққа тіреді. Құрылыс жұмыстары тоқырап, жаңа нарықтық жүйе қалыптасқан шақта елге де, еңбек адамына да оңай болған жоқ. Осындай қиын кезеңде Мәди Жақсылықұлы мойымай, кәсіби бағытын өзгертіп, жаңа өмір жолына бет бұрады.
1990 жылы ол «Өркен-Атасу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шахтасына жұмысқа орналсады. Бұл – оңай жол емес еді. Терең шахтаның ауыр еңбегі, қауіп пен қиындыққа толы орта кез келген адамның жігерін шыңдайтын мектеп. Мәди Құсайынов 1999 жылға дейін осы шахтада жұмыс істеп, кен өндірудің барлық қыр-сырын меңгереді. Еңбекқорлығы, тиянақтылығы мен батылдығы оны ұжым арасында сыйлы етеді.
Шахтада шыңдалған жылдар Мәди Жақсылықұлының өмірлік тәжірибесінде ерекше орын алды. Бұл жылдар оған төзім, тәртіп, адал еңбек сынды қасиеттерді толық қалыптастырды.
1999 жыл – Мәди Құсайынов үшін жаңа бастаманың жылы. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін ауыл шаруашылығына бетбұрыс жасалып, жеке кәсіпкерлікке жол ашылған кезеңде ол өз алдына кәсіп бастауға бел буады. Бауырларымен бірігіп, «Құсайынов» шаруа қожалығын құрып, жылқы шаруашылығына ден қояды. Бүгінде бұл қожалықтың құрылғанына 26 жыл толды. Ұзақ жылдар ішінде қожалық өңірдегі ірі шаруашылықтардың біріне айналып, жылқы басын тұрақты түрде көбейтіп келеді.
Мәди Жақсылықұлының баптап, көбейтіп отырған қылқұйрықтары нарыққа жоғары сапалы ет өнімдерін шығарып, Қарағанды мен Жезқазған өңірлерінің тұтынушыларын сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр. Жылқы – төзімділік пен табандылықтың символы. Сол жылқыдай төзім танытқан еңбек иесінің тіршілігі де бүгінгі күнге дейін үздіксіз өркендеп келеді.
Мәди Құсайынов – тек шаруасын дөңгелеткен кәсіпкер ғана емес, Қаражал қаласының әлеуметтік мәселелеріне бейжай қарамайтын азамат. Қалада өтетін Наурыз мерекесі, Құрбан айт пен басқа да әлеуметтік-маңызды шараларға демеушілік жасап, жомарттық танытып келеді. Әсіресе, «Мектепке жол» акциялары, жағдайы төмен отбасыларға көрсетілетін көмек, қоғамдық бастамалар мен қайырымдылық іс-шараларында Мәди Жақсылықұлы әрдайым алдыңғы қатардан табылады. Оның бұл әрекеттері ел арасында үлкен құрметке ие.
Жуырда өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған облыстық форумда Мәди Құсайынов Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл марапат – оның ширек ғасырға жуық уақыт бойы ауыл шаруашылығын дамытудағы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосқан зор үлесінің лайықты бағасы.
Мәди Жақсылықұлының өмір жолы – табандылықтың, еңбекқорлықтың, елге қызмет етудің айқын үлгісі. Қаражалдай еңбек қаласында туып-өсіп, сол өңірдің дамуына өз қолтаңбасын қалдыру — екінің біріне бұйырмайтын мәртебе. Елі еңбеккерін бағалай біледі, ал еңбеккер елінің мерейін асырады.
