Жәйремдік мамандар тәжірибе алмасты

Қараша айында «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ негізгі мамандары «Алтынтау Көкшетау» кәсіпорнына танысу сапарымен барды. Бұл іс-шараның басты мақсаты – тәжірибе алмасу, заманауи өндірістік әдістерді зерделеу және қызметкерлердің кәсіби көкжиегін кеңейту.

Сапар барысында қатысушылар карьер жұмысымен, алтын өндіру фабрикасының қызметімен, аралас кен орындарын игеру технологиясымен және алтын құрамды рудаларды өңдеу әдістерімен (гравитация, флотация, цианидтеу) танысты. Сонымен қатар, «Алтынтау Көкшетау» өндірістік инфрақұрылымының ерекшеліктері мен тиімді ұйымдастыру тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

Кәсіпорын мамандары өндірістік процестерді оңтайландыруда қолданылатын жаңа технологиялармен бөлісті. Бұл тәжірибе «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ қызметкерлеріне өз бөлімшелерінде инновациялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді және де заманауи технологиялар – тиімділіктің кепілі екендігін ұғындырды.

Экскурсиядан кейін қатысушылар «Зерен-Нұр» демалыс базасында екі күндік командалық тренингке қатысты. Оқыту бағдарламасын «Көкжиек» Жеке және бизнес психология орталығы» ЖШС жүргізді. Тренингтің мазмұны басқарушылық дағдыларды дамытуға, командалық өзара әрекеттестікті күшейтуге және көшбасшылық қабілеттерді арттыруға бағытталып, командалық рухты нығайтты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, білім мен тәжірибе алмасуға негізделген корпоративтік мәдениетті қалыптастырады. Қатысушылар сапардың жоғары маңыздылығын атап өтіп, алған идеяларды «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ бөлімшелерінің жұмысына енгізуге дайын екендіктерін білдірді.

Әлеуметтік қолдау бөлімінің бастығы Ақтоты Жазыбекова сапардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
– «Алтынтау Көкшетау» кәсіпорнына барғанымыз біз үшін үлкен тәжірибе болды. Алтын өндіру технологиялары мен өндірістік процестерді ұйымдастырудағы заманауи тәсілдер бізге жаңа көзқарас берді. Сонымен қатар, командалық тренинг ұжымдық рухты күшейтіп, бір-бірімізді жақсырақ түсінуге мүмкіндік жасады. Бұл сапардан алған білім мен идеяларды өз жұмысымызда қолдануға дайынбыз, – деді ол.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.