ЖРВИ өршіді: Қаражалда сақтық күшейтілді

Соңғы апталарда Ұлытау облысында, соның ішінде Қаражал өңірінде жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) таралуы күрт артып отыр. Осы орайда біз облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық қызметті дамыту және үйлестіру бөлімінің қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі бас маманы Анар Амралиновамен тілдесіп, қазіргі ахуалдың себеп-салдары, емдеу тәртібі және алдын алу шаралары жайлы сұрап білдік.

Анар Аманбайқызының айтуынша, ЖРВИ тұмау және басқа да респираторлық вирустар арқылы жұғатын кең таралған инфекция.
— Аурудың алғашқы белгілері – дене қызуының көтерілуі, тамақтың қасынып ауыруы, мұрынның бітелуі немесе ағуы, жөтел, бас және бұлшық еттердің сырқырауы. Балаларда құсу немесе іш өту де кездеседі. Мұндай белгілер байқалса, уақыт оздырмай дәрігерге көрінген жөн, — дейді маман.

Көп жағдайда ауру жеңіл өтуі мүмкін. Алайда, балалар, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар мен созылмалы аурулары бар тұлғалар үшін ЖРВИ айтарлықтай қауіп төндіреді.
— Асқынулар ішінде пневмония, бронхит, ортаңғы құлақ қабынуы жиі кездеседі. Сондықтан, «өзі өте шығар» деп салғырт қарауға болмайды. ЖРВИ – бейжай қарайтын сырқат емес, — дейді Анар Амралинова.

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Ұлытау облысы бойынша 29 мектепте жекелеген сыныптар уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылған. Қазір облыс бойынша 168 сынып онлайн оқып жүр. Жалпы 2476 оқушы уақытша қашықтан білім алуда. Маманның айтуынша, бұл – инфекцияның мектеп ішінде жаппай таралуына жол бермеу үшін жасалған шара.

Науқасты емдеуде ең бастысы – дұрыс күтім.
— Емдеу негізінен симптоматикалық. Үйде жатқан науқас тынығып, жылы сұйықтықты көбірек ішіп, бөлмені жиі желдетуі керек. Қызуы көтерілсе, дәрігер кеңесімен қызу түсіретін дәрілер қабылдайды. Бірақ, антибиотикті өз бетінше ішуге болмайды – ол вирусқа әсер етпейді, — дейді маман. Оның айтуынша, науқас толық айыққанша үйден шықпай, басқа адамдармен байланысын шектеуі қажет.

Анар Аманбайқызы қарапайым санитарлық талаптарды қатаң ұстануды ескертеді: қолды жиі жуу, маска тағу, адам көп жиналатын орындардан уақытша бас тарту, бөлмені желдетіп, ылғалды тазалықты жиі жасау, дұрыс тамақтанып, иммунитетті күшейту маңызды. Сонымен қатар, тұмауға қарсы вакцинация — ең тиімді алдын алу амалдарының бірі.

Қаражал қалалық ауруханасында ЖРВИ және тұмау инфекциясы бойынша науқастарды қабылдауға барлық жағдай жасалған. Қалалық ауруханада 15 инфекциялық төсек дайын тұр. Жалпы облыс көлемінде 280 төсекке дейін ашу мүмкіндігі бар, қазіргі таңда 230-ы жұмыс істеп тұр. Науқастардың басым бөлігі – балалар.

Өңірдегі соңғы дерек бойынша, ЖРВИ-мен тіркелген жағдайлардың 70 пайыздан астамы – жасөспірімдер мен мектеп жасындағы балалар. Пневмониямен ауырғандардың барлығы да – кәмелетке толмағандар. Жүкті әйелдер арасында да аурушаңдық тіркелуде, алайда, ауыр жағдайлар жоқ.

Маман тұрғындарға келесідей кеңес береді:
— Ауру белгілері байқалған бойда дәрігерге қаралған дұрыс. Қызу 3–4 күн түспесе, тыныс тарылса немесе әлсіздік күшейсе, медициналық көмекке дереу жүгініңіз. Әр отбасы сақтық шараларын қатаң сақтауы керек – бұл өз денсаулығын қорғаудың ең қарапайым әрі ең тиімді жолы, — дейді бас маман.

Ұлытау облысында ЖРВИ-дің таралуы әлі де жоғары деңгейде. Сол себепті мамандар тұрғындарға қоғамдық орындарда сақтық шараларын күшейтіп, балалардың денсаулығына айрықша назар аударуды ескертеді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ