Қаражал қаласында 25 қарашадан бастап республикалық «Зорлық-зомбылықсыз белсенді 16 күн» акциясы бастау алды. Бұл бастама жыл сайын 25 қараша – Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық күн мен 10 желтоқсан – Адам құқықтары күні аралығында өтетін халықаралық кампания аясында ұйымдастырылады. Акцияның басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру және қауіпсіз, сыйластыққа негізделген орта қалыптастыру.
Жергілікті полиция бөлімі мен Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі де бірлесіп ауқымды жұмыстар атқаруда. Қаражалдағы акция аясында білім беру ұйымдары, мәдениет және спорт мекемелері, мемлекеттік құрылымдар бірлесіп түрлі ақпараттық-түсіндіру шараларын қолға алды.
Мектептерде анонимді сауалнамалар жүргізіліп, оқушыларға психологтармен ашық әңгімелесу алаңдары ұйымдастырылуда. Әлеуметтік желілерде түсіндірме видеолар мен ақпараттық үндеулер жарияланып, тұрғындарға қиын жағдайға тап болған кезде қайдан көмек алуға болатыны туралы толық мәлімет берілуде. Дағдарыс орталықтары мен сенім телефондарының қызметі де кеңінен таныстырылуда.
Мамандар мұндай акциялар қоғамдағы құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, тұрғындарды өзара құрметке, түсіністікке және қауіпсіздік қағидаттарын ұстануға тәрбиелейтінін айтады. Қала жастары мен еріктілері де бұл бастамаға белсенді қатысып, ақпараттық жұмыстарды жүргізуге атсалысып жатыр.
Қоғамдық орындарда түсіндіру рейдтері өткізіліп, тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде жаднамалар таратылуда. Оқу орындарында полиция қызметкерлері жасөспірімдермен кездесіп, құқықтық жауапкершілік, қауіпсіздік талаптары және қиын жағдай туындағанда қандай қызметтерге жүгінуге болатынын түсіндіруде.
Сонымен қатар, тәуекел тобындағы отбасылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, мәдени-спорттық шараларға ақпараттық блоктар енгізілуде. Әлеуметтік желілерде арнайы науқан іске қосылып, бейнематериалдар мен пайдалы инфографикалар жариялануда.
Бұл бірлескен бастамалардың барлығы Қаражал қаласында зорлық-зомбылыққа жол бермейтін қауіпсіз әрі үйлесімді қоғам қалыптастыруға бағытталған. Әрбір тұрғынның құқықтық мәдениетін көтеру, өзара сыйластық пен жауапкершілікті күшейту – осы акцияның негізгі міндеті.
Қоғамдағы тыныштық пен амандық – әрбіріміздің қолымызда. Сол себепті, барша қала тұрғындарын осы бастамаға белсене қатысып, қауіпсіз әрі сыйластыққа негізделген қоғам қалыптастыруға бірге атсалысуға шақырамыз.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
