Қазіргі заманда елдің экономикалық қуаты мен өндірістік әлеуеті ең алдымен білікті жұмысшыларға байланысты. Осы тұрғыдан қарағанда, кәсіби жұмысшы – өндірістегі басты құндылық, ел дамуының нақты тірегі болып табылады. Техника қаншалықты дамыса да, өндірістің жүрегі – адам еңбегі.
Бүгінгі өндіріс ошақтарында жоғары жауапкершілікті, нақты тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын жетік меңгерген жұмысшылар еңбек етуде. Олардың тәжірибесі мен шеберлігі өнім сапасын арттырып қана қоймай, кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
Кәсіби жұмысшы – тек қарапайым еңбек адамы емес, ол нәтижеге жауапты кәсіби тұлға. Дәнекерлеуші, токарь, электрик, құрылысшы, механик, кенші сияқты мамандар күн сайын елдің инфрақұрылымын нығайтып, өндіріс көлемінің өсуіне үлес қосады. Олардың еңбегі көзге көрінбесе де, қоғам үшін аса маңызды.
Бүгінгі таңда жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артып келеді. Бұл – елімізде өндіріс саласының дамып, жаңа кәсіпорындардың ашылып жатқанын көрсетеді. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары да заман талабына сай жаңарып, жастарды еңбекке баулуда. Колледждерде заманауи жабдықтармен оқытылатын жас мамандар өндірістің негізгі тірегіне айналуда.
Еңбек адамына құрмет көрсету – қоғамның тұрақты дамуының маңызды көрсеткіші. Кәсіби жұмысшының мәртебесін арттыру, әлеуметтік қолдау, лайықты жалақы және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл жастардың да жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын арттырады.
Такибаев Арынгазы Шакирович
Қаражал қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы
