Қаражал қалалық кітапханасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ұлт ақыны, сөз зергері Қадыр Мырзалиевтің 90 жылдық мерейтойына орай «Ұлы ақындар көп, ұлт ақындары аз» атты мектеп оқушылары арасында әдеби байқау өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас буынға ақынның мол мұрасын танытып, ұлттық әдебиеттің қадір-қасиетін ұғындыру, көркем сөз мәдениетін қалыптастыру болды.
Байқау барысында қатысушылар Қадыр Мырзалиевтің өмірі мен шығармашылық жолына тоқталып, оның ойлы, терең мазмұнды өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жас оқырмандар ақын жырының қуатын, тіл өрнегінің байлығын, ұлттық рух пен поэзияның биік болмысын көрерменге әсерлі жеткізе білді.
Қазылар алқасы өнерлі оқушылардың дайындығын, өлеңді меңгеру деңгейін, көркем оқу шеберлігін бағалай отырып, 1 орын Диляра Жылқыбаеваға берілсе, 2 орынды – Көркем Жылқыбаева иеленді. Жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, барлық қатысушыларға Алғыс хаттар табысталып, олардың әдебиетке деген қызығушылығы мен ізденісі жоғары бағаланды.
Іс-шара жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке, қазақ поэзиясына деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етіп, Қадыр Мырзалиев шығармашылығының мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте айқындады.
Қаражал қалалық кітапханасы алдағы уақытта да жас таланттарды қолдауды, әдеби шараларды жүйелі түрде өткізуді жалғастыратынын жеткізді.
Тлеухор БАЙШУКЕНОВА,
«Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры.
