Қазіргі кезеңде әлемдік экономиканың құрылымы түбегейлі өзгеріп, өндіріс саласы жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерге кеңінен бет бұруда. Осындай өзгерістер жағдайында жұмысшы мамандықтарының рөлі бұрынғыдан да күшейіп, еңбек нарығында жоғары білікті кадрларға деген сұраныс арта түсті. Сондықтан да «Жұмысшы мамандықтар жылы» — тек кәсіби саланы қолдаудың емес, елдің индустриялық дамуының стратегиялық маңызды қадамы.
Жоғары білікті маман – өндірістің негізгі қозғаушы күші. Заманауи техниканы меңгерген, қауіпсіздік талаптарын жетік білетін, үнемі жаңашылдыққа бейімделе алатын жұмысшы ғана өндірістің тұрақты әрі сапалы жүруін қамтамасыз ете алады. Инженерден бастап слесарь, дәнекерлеуші, электрик, оператор сияқты мамандықтар бүгінгі таңда жаңа мәнге ие болып отыр.
Жұмысшы мамандықтарын дамыту – бұл тек кадр даярлау емес, өңірлік экономиканы алға сүйреудің сенімді жолы. Өндіріс орындарында еңбек ететін кәсіби мамандардың шеберлігі өнім сапасына, кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігіне және жалпы экономикалық өсімге тікелей әсер етеді. Білікті кадрлар көбейген сайын өндірістік мәдениет артып, жұмыс орындары тұрақтанады, жаңа технологияларды қабылдау жылдамдайды.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елімізде кадр дайындау жүйесін жетілдіру, оқу-өндірістік орталықтар ашу, дуалды білім беру үлгісін кеңейту бағытында маңызды бастамалар қолға алынуда. Бұл шаралар жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттырып, кәсіптік білімнің беделін көтеруге мүмкіндік береді.
Байшукенова Тлеухор Жанжумановна
«Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі»
КММ директоры
