14 қараша күні Жәйрем кентінде жаңа техникалық байқау орталығының ашылу рәсімі өтті. Нысан жергілікті тұрғындарға қолжетімді қызмет көрсетуді көздейтін маңызды инфрақұрылымдық жоба болып табылады.
Бұл орталықты «Караганда Диагностика» ЖШС Жәйрем филиалының басшысы, «Өмір заң» заң компаниясының негізін қалаушы Нұғыманов Өмір Айнидинұлы өз қаражаты есебінен салды.
Жобаның жалпы құны шамамен 25 млн теңгені құрайды. Ғимарат заманауи талаптарға сай салынған және толық көлемде қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Жаңа техбайқау пункті күніне 25 көлікке дейін қабылдауға мүмкіндік береді. Нысанның ашылуымен бірге қосымша жұмыс орындары құрылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға оң ықпал етті.
Салтанатты шараға Жәйрем кентінің әкімі Қ. Жансагимов, мәслихат депутаты, ақсақалдар кеңесінің төрағасы М. Шамбулов, ақсақалдар, жергілікті қоғамдастық мүшелері және түрлі мекеме басшылары қатысты. Рәсім барысында нысанның ашылу құрметіне лента Қ. Жансагимов пен М. Шамбулов тарапынан қиылды.
Жаңа техбайқау орталығының іске қосылуы Жәйрем кентінде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және өңірдің инфрақұрылымдық дамуына үлес қосады.
