Ұлытауда екі жасар баланың бронхынан бөгде затты алып тастау операциясы жасалды

Ұлытау облысының көпбейінді ауруханасына 2025 жылғы 7 қарашада ентігу, қашықтықтан ысқырған қырылы бар екі жасар бала түседі. Педиатрдың, хирургтың қарауынан және компьютерлік томографпен жасалған зерттеуден кейін, алдын-ала «бронхтағы бөгде зат (грек жаңғағы)» диагнозы қойылады.

Бронхтан бөгде затты алып тастау үшін эндоскопиялық операция қажеттігі туындайды. Бұл процедура тыныс алу жолдары арқылы енгізілетін арнайы құрал-бронхоскоптың көмегімен жүзеге асырылады. Жағдайдың күрделілігі – пациенттің небәрі екі жаста болуында.

Осы уақытта облыста жергілікті тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмек көрсету және өңірлік мамандарды оқыту мақсатында А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының көшпелі бригадасы жұмыс істеп жатқан.

Бригаданың іс -сапары аяқталуға жақындап, олар Сәтбаев қаласында болатын. Ұлттық орталықтың мамандары көмек көрсету туралы өтінішке талқысыз бірден келісім береді. Эндоскопист Мәжит Әбдіқадыров Жезқазған қаласынан тура ұшар алдында операцияны сәтті жүргізіп, баланың бронхынан бөгде затты алып тастайды.

Бұл ретте Жезқазған қаласының әуежай әкімшілігінің түсіністікпен қарап, дәрігерге рейске жарты сағат қалғанда тіркелуге және ұшаққа отыруға мүмкіндік бергенін атап өткіміз келеді.

Сонымен қатар, операцияға облыстық көпбейінді аурухананың хирургтары Бауыржан Ешжанов, Нұртілек Құлымжанов, Жезқазған қаласының медициналық орталығының эндоскописті Алижан Беккулиев қатысты. Олар үшін операция кәсіби маманнан нағыз шеберлік сабағы болды және баға жетпес тәжірибе алды.

Қазір кішкентай пациент балалар хирургиясы бөлімінде, жағдайы жақсы. Оның ата-анасы мен жақындары ұлттық орталықтың мамандарына және балаға көмек көрсетуге қатысқандардың барлығына үлкен алғысын білдіреді.