Ұлытау облысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мен мінез-құлқына ерекше назар аударылуда. Соңғы уақытта облыс бойынша жиырма бес мемлекеттік қызметші және соның ішінде басшылық қызметтегі тоғыз лауазымды тұлғаның құмар ойындарға қатысқаны туралы деректерді Ұлытау облысының прократурасы анықтады.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 50- бабы және Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілерге абыройлы мінез-құлық танытып, қоғам сенімін сақтауды міндеттейді. Ал «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қызметтік беделге нұқсан келтіретін кез келген әрекетті сыбайлас жемқорлық тәуекелі ретінде бағалайды.
Құмар ойындарға әуестік – қызметтік беделге көлеңке түсіріп қана қоймай, отбасылық және рухани құндылықтарға да зиянын тигізеді. Ол қаржылық қиындықтарға, мінездің тұрақсыздығына және қызметтік міндеттерге салғырт қарауға итермелейді. Мемлекеттік қызметші мұндай зиянды әдеттен аулақ болуға тиіс, себебі, ол – ел алдында жүрген тұлға, халықтың сенімін арқалаған азамат
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өтті:
«Құмар ойын – қоғамды іштен ірітетін дерт. Ол жастарды да, ересектерді де рухани азғындыққа итермелейді. Мемлекет азаматтардың ақшасын ұтқызатын емес, еңбегімен табыс табуына мүмкіндік беретін саясат ұстану керек».
Мұндай ұстаным мемлекеттік қызметшілерге де тікелей қатысты. Себебі, қоғам қызметші бейнесін адалдық пен жауапкершілік байланыстырады.
Құмар немесе азарттық ойындарға қатысу мемлекеттік қызметшінің әдеп нормасын өрескел бұзу болып табылады және бұл жұмыстан босатуға әкеліп соғады.
Мемлекеттік қызметші – халық сенімін иеленген тұлға. Сондықтан, Ұлытау өңіріндегі әрбір қызметкер заң талаптарын қатаң сақтап, қоғамға үлгі болуы тиіс.
Еркебұлан СЫЛҚЫМБЕКҰЛЫ,
Ұлытау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері Департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы.
