Заң үстемдігі және қоғамдық тәртіп – мемлекеттің тұрақтылығының кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің дамуының бағытын нақтылайтын маңызды саяси құжат болып табылады. Жолдауда Президент қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше мән берді. Бұл – тек мемлекеттік басқарудың ғана емес, сонымен қатар, әрбір азаматтың өмірлік ұстанымы ретінде заңға бағынудың маңыздылығын айқындайтын бағыт.

Заң үстемдігі – мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының басты тірегі. Қоғамда заңның үстемдігі болмаса, әділдік пен тәртіп орнай алмайды, құқық бұзушылық көп болады, ал мемлекет өз миссиясын толық атқара алмайды. Президент Жолдауында әрбір азаматтың өз ісінде заңға бағынуы, құқықтық тәртіпті сақтауы маңызды екенін атап көрсетті. Заңға бағыну тек қана әкімшілік немесе қылмыстық жазадан қорғану емес, бұл қоғамдағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің негізі. Қоғамның тұрақтылығы мен бейбіт өмірі әрбір адам өзінің құқықтық міндеттерін орындауынан басталады.

Қоғамдағы тәртіп – заңды орындаумен ғана шектелмейді. Ол мәдениеттілік, адамгершілік және өзара сыйластыққа негізделген. Егер әр азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін түсініп, тәртіпті сақтауға жауапкершілікпен қарайтын болса, қоғам дамиды, мемлекет нығаяды. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың міндеті болса, оны сақтау әр азаматтың борышы болып табылады. Жолдауда Президент құқықтық тәртіпті күшейту, заңсыздыққа жол бермеу және азаматтарды жауапкершілікке баулу міндеттерін нақты атап көрсетті.

Сонымен қатар, Жолдауда цифрлық дамудың заң үстемдігі мен тәртіпті күшейтуге қосар үлесі де қарастырылды. Мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы, құқықтық жүйедегі ақпараттық технологияларды қолдану қоғамдағы заңдылықты қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Мысалы, мемлекеттік қызметтерді онлайн жүйеге көшіру арқылы әкімшілік кедергілер азаяды, құқықтық бақылау жеңілдейді, заң бұзушылыққа жол бермеу тиімдірек болады. Цифрлық технологиялар тек экономикалық дамуға ғана емес, сонымен қатар, қоғамдағы тәртіп пен әділдікті сақтау жолында да маңызды рөл атқарады.

Жастардың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлінді. Президент жастардың бойында отансүйгіштік, еңбекқорлық, білімге және цифрлық технологияларға ұмтылу қасиеттерін қалыптастыру керектігін атап өтті. Жастар заңды құрметтеп, қоғамдағы тәртіпті сақтау арқылы елдің тұрақты дамуына үлес қосуы тиіс. Қазіргі буын өз білімін, біліктілігін және цифрлық мүмкіндіктерін елдің гүлденуіне бағыттағанда ғана Қазақстанның болашағы жарқын болады. Бұл – патриотизмнің нақты көрінісі, өйткені, елдің келешегі жастардың бойына сіңірілген құқықтық мәдениет пен тәртіпке бағыну қабілетіне байланысты.

Қорытындылай келе, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп – мемлекеттің тұрақтылығы мен гүлденуінің басты кепілі. Заңға бағыну, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және тәртіпті өмір сүру – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Мемлекет пен қоғам арасындағы осы өзара байланыс Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізін құрайды. Біз – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халқына Жолдауында көрсетілген бағыттарды қолдап, заң мен тәртіпті сақтау арқылы елдің болашағына үлес қосуымыз қажет.

Мергенбай СЕМБЕК,

 Қаражал қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы