Еңбек адамы – ел тірегі

Қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізінде қарапайым еңбек жатыр. Елдің өркендеуіне үлес қосатын әрбір азаматтың маңдай терімен келген жетістігі – мемлекеттің басты байлығы. Осы тұрғыда 2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялануы – еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама тек ұран емес, нақты іс-шаралар арқылы жұмысшының қоғамдағы орнын айқындап, олардың еңбегін бағалауға мүмкіндік береді.

«Еңбек – менің өмірлік ұстанымым» дейтін «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның кен шанаптаушысы Ануар Жанайханұлының өмір жолы осы сөздің дәлелі. Ол бізбен әңгімесінде былай дейді:

– Мен үшін еңбек – тек табыс көзі емес, ол – тәрбие мектебі. Марқұм әкем Спан Жанайхан маған әрдайым: «Адал еңбек – адамдықтың белгісі» деп айтатын. Сол сөз менің өмірлік ұстанымым болды.

1991 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген Ануардың балалық шағы да еңбекпен өрілген. Әкесі 20 жылдан астам уақыт Жәйрем кен байыту комбинатында адал қызмет атқарған жан. Анасы да бүгінде «ТехЭкспертСервис» ЖШС-де еңбек етіп жүр.

– Біздің үйде еңбектің қадірін сөзбен түсіндірмей-ақ, оны ісімен көрсететін, – дейді Ануар.

Ануардың алғашқы еңбек қадамы 2008 жылы басталды. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның байыту фабрикасында елекші болып жұмыс істеген жас жігіт төрт жыл бойы өндірістің қыр-сырын меңгерді.

– Сол жылдар мені шыңдады. Ұжымдық жұмыс, жауапкершілік, тәртіп – бәрін сонда үйрендім, – дейді ол.

2011 жылы Астанаға қоныс аударып, жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Бұл кезең оның іскерлік қабілетін дамытып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бірақ жүрегі өндірістен алыстамады. 2022 жылы «Казцинк» компаниясына қайта оралып, қорғасын байыту фабрикасында жүк ілмектеуші болып еңбек жолын жалғастырды. Бүгінде ол шанаптаушы лауазымында.

Ануардың бойындағы басты қасиеттер – еңбекқорлық пен сабырлылық. Ол әр істі жауапкершілікпен атқарып, қиындыққа мойымайтын жігерлі тұлға. Жас болса да, өз ісіне адалдығы мен ұжымдағы сыйластығы арқылы үлгі болып жүр.

Ануар тек кәсіби жұмыспен шектелмейді. Ол волонтёрлікпен айналысып, техникалық инспектор қызметін де атқарады.

– Ұжымда сыйластық пен еңбексүйгіштік қағидаларын ұстану – мен үшін маңызды. Жастарға айтарым: еңбек етуден қорықпаңдар. Еңбек – адамды шыңдайды, өмірге сенімділік береді, – дейді ол.

Ануардың өмір жолы бізге бір нәрсені айқын көрсетеді: табандылық пен адалдық – кез келген жетістіктің негізі. Еңбек адамы – елдің тірегі ғана емес, қоғамның тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Осындай азаматтардың еңбегін бағалау – баршамыздың парызымыз.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА