«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
Биылғы жыл – Қазақстан үшін айрықша мәнге ие. Бұл жыл елімізде Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысының бұл шешімі – еңбектің қадірін, кәсіби шеберліктің биік мәртебесін және әрбір жұмысшының қоғамға қосқан өлшеусіз үлесін дәріптеудің айқын көрінісі.
Көп жағдайда олардың еңбегі көзге көрінбегенімен, дәл сол адамдар ел экономикасының мызғымас тірегіне айналып отыр. Қолына құрал, жүрегіне жігер ұстаған жұмысшылар – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты күші. Өндіріс зауыттарындағы темірдің сыңғыры, құрылыс алаңындағы балғаның үні, көлік қозғалысының ырғақтары – бәрі де сол еңбек адамдарының табандылығы мен төзімінің үні секілді.
Олардың еңбегі – елдің ертеңін сомдайтын алтын арқау. Себебі, өндіріс пен көлік, құрылыс пен энергетика, ғылым мен білім сынды әрбір сала – жұмысшының маңдай тері мен адал күш-жігерінің нәтижесінде дамып келеді. Жұмысшы – тек өз кәсібінің иесі ғана емес, ұлттың іргесін ұстап тұрған еңбек қаһарманы.
Осы жыл сол қаһармандарға деген шынайы құрметтің жылы болмақ. Бұл жыл еңбекті дәріптеу, жас ұрпаққа еңбекқорлық пен кәсіби жауапкершілікті насихаттау, шынайы құндылықтарды ұлықтау жылы болып отыр.
Осы орайда ерекше назар аударуға тұрарлық бір династия бар – Оспановтар әулеті, Қазақстан теміржол саласының нағыз мақтанышы, кәсіби дәстүрдің тірегі.
Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері — Мақсат Оспанов 1987 жылы дүниеге келіп, еңбек жолын 2007 жылы теміржол саласында бастаған. Сол уақыттан бері ол «ҰК «Қазақстан Темір жолы» АҚ компаниясында қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда Мақсат Есенжолұлы – Қаражал-Ақтай станциясының бастығы, өз ісіне берілген, ұжымға құрметпен қарайтын, кәсіпқой маман.
Ол – теміржолшы әулетінің нағыз өкілі: ұрпақтан-ұрпаққа кәсіби дәстүрді жеткізіп келе жатқан отбасының асыл мұрасын жалғастыруда. Оспановтар әулетінің еңбек жолы – Қазақстан теміржолының дамуына қосылған орасан үлестің айнасы.
Әкесі Есенжол Байдәулетұлы мен анасы Құралай Жұмабайқызы, ағалары мен аталары – бәрі де ҚТЖ-да ұзақ жылдар адал еңбек етіп, кәсіби шеберлікті ұрпаққа жеткізген. Архивтік деректерге сүйенсек, әулеттің жалпы еңбек өтілі 400 жылдан асады. Бұл – нағыз табандылық пен адал еңбектің айқын белгісі.
Сонымен қатар, әулет туралы деректерде еңбек ұжымына арналған көркем фильм түсірілгені және кітап жазылғаны аталған, бұл олардың кәсіби ісіне деген құрметтің тағы бір айқын дәлелі.
Мақсат Есенжолұлы – кәсібін тек табыс көзі емес, өмірлік миссиясы деп білетін жан. Теміржол саласындағы әр күнін жауапкершілікпен және мақтаныш сезімімен қарсы алады. Қызметтестері оны ұйымшыл, талапшыл әрі әділ басшы ретінде сипаттайды. Ол ұжымдастарымен тең дәрежеде араласып, әр қызметкердің пікіріне құлақ аса біледі.
Мақсаттың жұмысқа деген ұқыптылығы мен тәртіпке деген жоғары талапшылдығы – оның теміржолшы әулетінің өнегесінен бастау алады. Әкесінің еңбекқорлығы мен адалдығы, анасының мейірімі мен сабырлылығы оның өмірлік қағидаларына айналған. «Еңбектің қадірін түсінген адам ешқашан сүрінбейді» деген сөзді ол жиі қайталап отырады.
Ол өз ісіне берілген маман ғана емес, жас буынға бағыт-бағдар беретін тәлімгер. Жас теміржолшылар үшін Мақсат ағаларының тәжірибесі – өмірлік мектеп. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, жұмысқа жаңадан келген қызметкерлерге үнемі қолдау көрсетеді.
Қарапайымдылығы мен адамгершілігі арқылы әріптестерінің сеніміне ие болған ол — ұжымда ауызбіршіліктің, өзара сыйластықтың қалыптасуына зор үлес қосып келеді.
Мақсат Есенжолұлы үшін теміржол – тек рельс пен пойыз емес, ол – адамдардың тағдыры мен өмірін жалғап тұрған алтын көпір. Сондықтан, ол әрбір бағыттың, әрбір пойыздың артында үлкен жауапкершілік жатқанын жақсы түсінеді.
Оның пікірінше, нағыз жетістік – марапаттар мен атақта емес, елге адал қызмет етіп, артта із қалдыруда.
– Теміржол – менің өмірім. Әрбір күнгі атқарған ісім – елімнің дамуына қосқан кішкентай үлесім деп білемін, – дейді ол.
Мақсат Оспанов «Құрметті теміржолшы», «Адал еңбегі үшін» сияқты бірнеше марапатқа ие болған білікті маман. Оның ойынша, қадірлі еңбекті лайықты марапаттау жас ұрпақты еңбекке ынталандырады, кәсіби шеберлікке ұмтылысын арттырады және жаңа жетістіктерге жетуге шабыт береді.
Бұл – жұмысшы мамандықтарды дәріптеудің, жас мамандарға үлгі көрсетудің маңызды жолы.
Оспановтар әулеті – Қазақстан теміржолының нағыз династиясы. Олар кәсіби шеберлік, адал еңбек, ұрпаққа үлгі болу арқылы өз миссиясын жалғастырып келеді.
Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында осындай үлгілі еңбек жолы жастарға кәсіби мақтаныш, шабыт және жауапкершілік сезімін сыйлайды. Бұл – еліміздегі еңбекті шын жүректен бағалау мен құрметтеудің жарқын үлгісі.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
