Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауы — еліміздің жаңа технологиялық бағытын айқындаған маңызды құжат. Президент Жолдауында білім беру жүйесін жаңғырту, цифрлық мәдениетті дамыту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану басты басымдықтардың бірі ретінде атап өтілді.
Осы бағытта № 7 жалпы білім беретін мектеп педагогтары да өз тәжірибесін дамытып, білім алушылардың шығармашылық және цифрлық ойлау қабілеттерін жетілдіру бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Мектепалды даярлықтан – цифрлық мәдениетке бағыт
Мектепалды даярлық сыныбынан бастап балалардың ойлау қабілетін, коммуникативтік дағдыларын және зерттеушілік қызығушылығын дамыту мақсатында STEM-технология элементтері енгізілуде. Балалар «Сиқырлы таяқшалар», «Магнит мозаикасы», «Кім қайда өмір сүреді?» және тағы да басқа ойындар арқылы кеңістік ұғымдарын меңгеріп, топпен жұмыс істеуді, өз ойын еркін жеткізуді үйренеді. Мұндай тәжірибиелер баланың жеке қабілетін ашуға және сыни тұрғыдан ойлау дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жасампаздық пен жаңашылдық – тәжірибе мен шабыт бағыты
2025 жылдың ақпан айында № 7 жалпы білім беретін мектепте қалалық деңгейде «Жаңару мен жаңғыру – жасампаздық кепілі» атты семинар өтті. Семинар аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар – жасанды интеллект көзімен», «Digital дәуіріндегі сыни және креативті ойлау» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өткізілді. Тәрбие сағатының мақсаты — оқушыларға ұлттық құндылықтардың маңызын түсіндіру және жасанды интеллекттің ұлттық мәдениетке тигізетін ықпалын талдау болды. Сабақ барысында оқушылар жасанды интеллекттің ұлттық дәстүрлерді сақтап, жаңа форматта ұсыну жолдарымен танысты. Семинар жұмысына 5-6 сынып оқушылары қатысып, ұлттық құндылықтарды цифрлық кеңістікте сақтау мен жаңғыртудың заманауи тәсілдері, соның ішінде түрлі интерактивті платформалар мен цифрлық жобалар таныстырылды.
Семинар барысында SMART BALA жобасы аясында «Шығармашыл бала – ойлы бала» тақырыбында сынып сағаты ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты — оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, болашақ туралы ойлануға және жаңа идеялар ұсынуға шабыт беру, сонымен қатар, STEM бағытындағы дағдыларын жетілдіру болды. Балалар өз ойларын еркін жеткізіп, болашақ мамандықтар туралы пікір алмасты.
Сондай-ақ, «Жасанды интеллекттің пайдасы мен зияны» тақырыбында «Ұшқыр ой алаңы» дебаты өткізіліп, оқушылар сыни және логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті.
Мектепалды даярлық сынып балалары үшін «Мамандықтар қаласы» атты квест-ойын барысында балалар түрлі мамандық түрлерімен танысып, еңбек адамдарын құрметтеуді және болашақты армандай білуді үйренді.
Президент Жолдауында айтылғандай, жасанды интеллект дәуірінде басты құндылық – білім мен адам капиталы. № 7 жалпы білім беретін мектеп ұжымы осы идеяны басшылыққа алып, оқушылардың тек цифрлық сауаттылығын арттырумен шектелмей, ұлттық рухы биік, заманауи ойлайтын тұлға қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді.
Аманкүл АБДИШЕВА,
№ 7 ЖББМ директоры.
