Халық игілігі жолындағы нақты қадамдар

2025 жылдың тоғыз айында Жәйрем кентінде тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. Әсіресе, жол инфрақұрылымын күтіп ұстау мен жөндеу мәселесі басты назарда болды. Бұл бағыттағы жүйелі шаралар елді мекеннің келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз етті.

Көктемнің алғашқы айларынан бастап жолдарды күтіп ұстау жұмыстары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылды. Бастапқы кезеңде бұл міндетті «Айсара» жеке кәсіпкерлігі атқарса, 1 наурыздан бастап ашық конкурс нәтижесінде жеңімпаз атанған «Асылтас» ЖК жұмысын жалғастырды. Кәсіпорын жолдарды сыпыру, су себу арқылы шаң басуын азайту, қар тазалау, аялдамаларды жөндеу және жол жиегіндегі ағаштарды ретке келтіру жұмыстарын тұрақты әрі сапалы жүргізіп келеді.

Жаңадан қосылған Самал көшесінде жолды тегістеу жұмыстары жүзеге асырылып, тұрғындардың жүріп-тұруы анағұрлым жеңілдеді. Сонымен қатар, ұзындығы 4,82 шақырымды құрайтын 13 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Бұл жобаның мердігері — «Арқа құрылыс» ЖШС. Жөнделген көшелердің қатарында Ескі Жәйрем, Серпін, Геофизическая, Жандосов, Жұбанов, Целинная, Самал, Ветеранов және тағы басқа көшелер бар

Жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылды. Техникалық қадағалау міндеті конкурстық негізде таңдалған «ALKHARU GROUP» ЖШС-на жүктелді. Мамандар тарапынан бақылау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп, әрбір учаскеде сапа талаптарының орындалуы мұқият тексерілді. Жолдардың жаңаруы жергілікті халық тарапынан оң бағаланды. «Бұрын көшемізде шұңқырлар көп болатын, көлікпен жүру қиын еді. Қазір тегіс жолда жүру бір рахат. Қарияларға да жеңіл болды, тротуарлар мен аялдамалар ретке келтірілгені қуантады. Бұл — халыққа жасалған үлкен қамқорлық. Жаңа жолдар велосипедпен жүруге ыңғайлы, кентіміздің көркі кірді», — дейді Ескі Жәйремдіктер.

Жалпы алғанда, 4,82 шақырымды қамтитын 13 көшенің орташа жөндеу жобасы (26 610 м²) толық көлемде орындалып, кенттің жол инфрақұрылымы едәуір жаңартылды. Бұл жұмыстар — Жәйрем кенті әкімдігінің ел игілігі жолындағы нақты нәтижелі қадамдарының бірі. Инфрақұрылымның жақсаруы тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттырып, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік бермек.

Жол — ел тіршілігінің күретамыры. Ал жолдың сапасы — халықтың өмір сүру деңгейі мен қауіпсіздігінің басты көрсеткіші. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Келесі кезеңде кенттің шеткі көшелерін жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу және жарықтандыру жүйесін жаңарту жоспарланып отыр.

Теректі ШАҒАТАЙ.