Еліміз бойынша өткен «Халық заңгері» республикалық акциясына 120 мыңнан астам адам қатысты. Сол игі шараның бірі Қаражал қаласында да ұйымдастырылып, тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді. Бұл бастама – қарапайым азаматтардың заң алдындағы құқықтарын білуіне, өз мәселелерін шешуде кәсіби кеңес алуына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба.
Қала әкімдігі мен әділет органдарының қолдауымен өткен акция барысында тәжірибелі заңгерлер мен прокурорлар тұрғындарға тегін кеңес беріп, олардың сұрақтарына нақты әрі түсінікті жауаптар ұсынды.
Келушілер жер қатынастары, әлеуметтік төлемдер, еңбек құқықтары және отбасы заңнамасына қатысты мәселелерді ашық талқылап, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Тұрғындар мамандардың жылы қабылдауына, пайдалы кеңестері мен нақты бағыт-бағдарына ризашылықтарын білдірді.
– Осындай іс-шаралар халық үшін өте қажет. Көпшілік заңдық ақпаратты көбіне интернеттен іздейді, алайда, нақты жағдайда кәсіби кеңес алу ауадай қажет, – дейді қала тұрғындарының бірі.
Акцияның басты мақсаты – әр азаматтың өз құқығын қорғауда сенімді болуына жол ашу. «Халық заңгері» жобасы осы бағыттағы игі бастамалардың бірі ретінде еліміздің барлық өңірінде өз жалғасын тауып келеді.
Қаражал қаласында өткен бұл шара – халық пен билік арасындағы ашық диалогтың, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған игі дәстүрдің жарқын көрінісі болды.
Өз тілшімізден
