Жезқазған қаласында Ұлытау облысы әкімінің бастамасымен белсенді жастарға арналған «Ұлытау ұланы» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Бұл марапат өңірдің қоғамдық өміріне үлес қосып, еңбегімен дамуына серпін берген жастарды қолдауды көздейді. Жеңімпаздар қатарында Қаражал-Жәйрем өңірінде маңызды салаларды бағындырып жүрген белсенді жастар да бар.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров, мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өкілдері және өңірдің талантты жастары қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың білімге, еңбекке, шығармашылыққа және азаматтық белсенділікке деген ынтасын арттыру.
Байқауға облыс бойынша 50-ден астам өтінім түсіп, қазылар алқасы үздіктерді «Жас саясаткер», «Жылдың жас көшбасшысы», «Үздік жас кәсіпкер», «Үздік жас өнерпаз», «Жылдың спорт жұлдызы», «Жас ерікті – қоғам жанашыры», «Жас медиакөшбасшы», «Жылдың үздік жас еңбеккері» номинациялары бойынша таңдады. Қаражал-Жәйрем өңірінің жастары да жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Атап айтқанда, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның бұзбайтын бақылау маманы Жігер Еділбаев – «Жылдың үздік жас еңбеккері», Жәйрем кен байыту комбинатының әкімшісі Жәудір Шерімбетова – «Жас ерікті – қоғам жанашыры», Жәйрем мәдениет үйінің қызметкері Бағлан Болатова – «Үздік жас өнерпаз», қаражалдық кәсіпкер Айсұлу Наукенова – «Үздік жас кәсіпкер» номинацияларына ие болды.
Жеңімпаздарға дипломдар, арнайы статуэткалар және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров жастарды құттықтап, олардың қоғамдағы белсенділігі мен еңбегін жоғары бағалады.
– Жастар – ел болашағының айнасы. Сіздердің жетістіктеріңіз өңірдің ғана емес, бүкіл елдің дамуына серпін береді, – деді ол.
Шара барысында өңірдің өнерпаздары мерекелік концерт қойып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Ұлытау ұланы» сыйлығы – жастарды қолдау мен олардың жетістігін дәріптеуге бағытталған маңызды жоба. Мұндай бастамалар өңір жастарының белсенділігін арттырып, отансүйгіштікке тәрбиелейді.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
