Еңбектің бағасын білетін қоғам – еңселі қоғам

Еңбек – өмірдің өзегі, өркениеттің тірегі. Қай дәуірде болмасын, қоғамның даму бағыты еңбек адамының қажыр-қайратымен айқындалған. Ал еңбектің қадірін білетін ел – берекесі мен бірлігі жарасқан, болашағына нық қадам басқан ел.
Бүгінгі таңда еліміз «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек мәдениетін жаңаша дәріптеуде. Бұл – тек кәсіби мамандықтарды насихаттау емес, ең алдымен адал еңбектің қоғамдағы абыройын арттыру, жастардың санасында «еңбек етсең – еленесің» деген қағиданы қалыптастыру.
Шынайы жетістік пен тұрақтылықтың бастауы – еңбек. Ел экономикасының негізі саналатын өндіріс пен қызмет көрсету салаларында еңбек етіп жүрген мыңдаған жұмысшы – бүгінгі Қазақстанның тірегі. Олар көрінбейтін күнделікті жұмысы арқылы қоғам өмірін алға жылжытады, ел игілігіне үлес қосады.
Еңбектің қадірі артқан жерде адам да, қоғам да өседі. Әрбір еңбек адамына құрмет көрсету – ел дамуына құрмет білдірумен тең. Себебі еңбектің бағасын білетін қоғам ғана еңсесін тіктеп, ертеңіне сеніммен қарай алады.

Байшукенова Тлеухор Жанжумановна
«Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі»
КММ директоры