2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, бұл бастама еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға, жұмысшы еңбегінің маңызын кеңінен насихаттауға бағытталды. Бұл жыл – өндіріс пен кәсіптік білім саласында қызмет етіп жүрген азаматтарға жаңа серпін, тың мүмкіндік кезеңі болмақ. Себебі, елдің экономикалық қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы – дәл осы еңбек майталмандарының табанды еңбегі мен кәсіби шеберлігінің арқасы.
Өндіріс ошақтарында, зауыттар мен кәсіпорындарда, құрылыс пен ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген жұмысшылар – елдің іргесін бекітіп, өңірлердің өркендеуіне үлес қосып жүрген нағыз патриоттар. Олардың маңдай терімен келген әр жетістік – мемлекеттің дамуы мен халық игілігінің кепілі.
Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу – жас ұрпақты еңбекке баулудың, кәсіби бағдар берудің маңызды бөлігі. Себебі, білікті маман даярлау – ел болашағын қалыптастырумен тең. Қазіргі таңда еліміз бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңартылып, жаңа технологияларды меңгерген, бәсекеге қабілетті кадрлар дайындауға айрықша көңіл бөлінуде.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» – еңбек адамына деген құрметті арттырып, қоғамда жұмысшының беделін көтеруге бағытталған маңызды бастама. Бұл – өз ісіне адал, ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарды ұлықтайтын кезең.
Еңбек майталмандары – ел мерейі, ұлт болашағының берік тірегі!
Оспанова Замзагуль Кажмукановна
Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы
