25 қазан — бұл күн Қазақстан халқының жүрегінде мәңгі сақталатын мерейлі мереке. Республика күні – азаттықтың айғағы, елдік пен егемендіктің символы. Бұл күн — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанына 35 жыл толған мерейлі сәт. Осы күні Қаражал қаласының аспанында көк байрақ қайта желбіреді.
Демалыс күніне қарамастан, Қаражалдың жұртшылығы Рәміздер алаңына жиналды. Жиналудағы басты себеп – Төл мерекемізді ұлықтау. Рәміздер алаңына жиналған жұрттың жүзінен ерекше толқу байқалды. Тып-тыныш алаңда Әнұран әуені шырқала бастағанда, әрбір жүрек бірге соққандай сезімде болдық. Әуенмен астасып, биік тұғырда еліміздің көк Туы баяу көтеріле берді.
Сол сәт — сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес рухани әсердің, мақтаныштың, сүйіспеншіліктің көрінісі болды. Көк Ту – Тәуелсіздіктің тынысы, бабалардың арманы. Ол желбіреген сайын елдің өткені мен бүгіні, болашағы бір арнаға тоғысқандай.
Алаңда тұрған жасөспірімдердің көзінен от, қарттардың жүзінен риясыз ризашылық сезілді. Әуеде желбіреген байраққа қарап тұрған сәтте барлығы үнсіз. Бірақ сол үнсіздіктің өзінде мың сөз бар еді — ол елге деген махаббаттың, бірлік пен бейбіт өмірдің үнсіз антындай еді.
Биылғы Ту көтеру рәсімі — жай ғана салтанат емес, ол 35 жыл бұрынғы тарихи шешімнің, егемендіктің бастауы болған Декларацияның мәнін жаңғыртқан тағылымды шара болды.
Рәміздер алаңы бұл күні шынайы отансүйгіштік пен елдік рухтың мекеніне айналды. Балалардың қолындағы көк тулар, аспанда желбіреген байрақ пен жүректердегі мақтаныш — бәрі де ортақ арман мен бірліктің айғағы еді.
Бұл күн Қаражал жұртшылығы үшін көк байрақпен бірге рухтың, елдік сана мен ұлттық мақтаныштың биіктеген күні ретінде есте қалды.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
