Ұлт ұстазының өнегесі — ұлттың ұлы мұраты

Өткен аптада Қаражал қаласының қара шаңырағы – №1 Тірек мектебінің акт залында ұлт руханиятына арналған айтулы шара өтті. «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» атты қалалық ғылыми конференция ел тәуелсіздігі мен ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын көрінісіне айналды.

Бұл жиынға «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина, қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлбану Райсова, бөлім орынбасарлары, сондай-ақ, қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілі пәнінен сабақ беретін орыс сыныптарының, тарих пәнінің мұғалімдері қатысты.

Іс-шараны қалалық әдістемелік кабинет меңгерушісі, конференцияның модераторы Алтын Тажитова ашып, қатысушыларды ұлт ұстазының өмірі мен еңбегін зерделеуге шақырды. Алғашқы құттықтау сөз кезегі білім бөлімінің басшысы Гүлбану Райсоваға берілді.

Ол өз сөзінде Ахмет Байтұрсынұлының ұлтқа сіңірген еңбегіне тоқталып, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл» деген ғалымның өнегелі сөзін алға тартып, тіл мен рух бірлігінің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Конференция барысында ұстаздар қауымы А.Байтұрсынұлының өмірі мен ғылыми мұрасын сан қырынан зерделеген мазмұнды баяндамалар ұсынды.

«Ахметтанудың жаңа көкжиегі» тақырыбында Алтын Тажитова сөз сөйлеп, Алаш арысының мұрасын зерттеудің қазіргі бағыттары мен әдістемелік маңызын талдады.

«Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасы: ғалым, ағартушы, қайраткер» атты баяндамасында Үміт Әбілдина А.Байтұрсынұлының қазақ жазуы мен тіл біліміндегі реформаторлық рөлін кеңінен ашып көрсетті.

Ал Мөлдір Омарова «Ахмет Байтұрсынұлы – азаттық қозғалысының рухани көсемі» тақырыбындағы зерттеуінде тұлғаның саяси ұстанымы мен ұлттық сана қалыптастырудағы үлесін талдап өтті.

«Әлемдік тіл білімі және А.Байтұрсынұлы теориясы» тақырыбындағы баяндамасын Махаббат Өмірзаққызы оқып, ғалымның еңбектерін әлемдік лингвистикамен салыстыра қарастырды.

Ал Жанар Кәрібаева «А.Байтұрсынұлының даналық сөздерін орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті сабағында қолдану» атты тәжірибелік баяндамасында ұстаздың әдістемелік идеяларын қазіргі оқу үдерісіне енгізудің тиімді жолдарын ұсынды.

Конференция соңында Инкар Мұхамеджанова «А.Байтұрсынұлының саяси қызметтегі бірізділігі» тақырыбында сөз сөйлеп, қайраткердің ұлт мүддесіне адалдығын нақты деректермен дәлелдеді.

Жиын соңында қатысушылар ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмнен үзінді тамашалап, ұстаздардың еңбегіне ризашылық білдірді.

Конференция барысында Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасы мен рухани мұраттары тағы бір мәрте жаңғырып, қатысушылардың көкірегінде ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімін оятты.

Шараның тәрбиелік және ғылыми мәні зор болды – ол жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты, тілге құрмет пен елге қызмет ету идеясын қалыптастыруға бағытталды.

Ахметтанудың көкжиегі кеңейіп, ұлт руханиятының темірқазығы – тіл тағдыры мәңгілік ұлы мұрат болып қала бермек.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.