Қазіргі таңда елімізде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру – мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндеттердің бірі. 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялануы – осы бағыттағы нақты қадам. Бұл бастама еңбек адамдарының қоғамдағы рөлін арттырып, олардың табанды еңбегін бағалауға жол ашады. Осындай еңбекқор жандардың бірі – Жәйрем өңірінің тумасы, өндірісте абыройлы қызмет атқарып жүрген Ғабит Әбілдин. Ғабит жас та болса, өзінің еңбекқорлығымен, қызметіне деген үлкен жауапкершілігімен, өз білімімен қызмет сатысымен көтеріліп, бүгінгі таңда полиметалл байыту фабрикасында ауысым шебері.
Ол 1992 жылдың 28 шілдесінде дүниеге келген. Ғабит Сембайұлының еңбек жолы ерте басталды. 2011 жылы Жәйремдегі № 30 орта мектепті тәмамдаған соң, бірден жергілікті жалғыз өндіріс ошағы — «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-на жүк тасушы болып жұмысқа орналасады. 2013 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылып, Көкшетау қаласындағы Володаровкада әскерде болып келеді. Әскерден кейін қайтадан өзінің жұмысына оралып, 2015 жылы қорғасын байыту фабрикасына кен мөлшерлеуші қызметіне ауысып, одан кейін полиметалл байыту фабрикасына диірмен машинисі болады. Еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында бірнеше рет «Казцинк» компаниясының басқа бөлімшелеріне тәжірибе алмасуға жіберіліп, кезекті бір іссапарында Көкшетау қаласындағы Жоғарғы техникалық колледжінің «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығына оқуға түсіп, диплом алып шығады. 2025 жылы Ғабит Әбілдин өндірісте шебер қызметіне көтерілді. Бұл – оның табандылығы мен кәсіби дамуының айқын көрінісі. — Жәйрем комбинатында еңбек ету бала кезімнен арманым болған. Маған өзімнің туған жерімнің қойнауындағы байлықпен танысып, оларды көру, өндіру мен игеру үрдісіне қатысу өте қызықты болды. Оның үстіне өмір бойы бар маңдай терін сол өндіріске арнаған әкем Сембай Әбілдиннің де менің өмірлік нан табар мамандығымды қателеспей таңдауыма ықпалы зор болды. Әкем тау-кен көліктер цехында бульдозер машинисі болып еңбек етіп, кейіннен денсаулығына байланысты жеңіл жұмыстарға ауыстырылды. Алла қаласа, келесі жылы зейнетке шығады. Аяулы анам Ақмарал Исламдинқызы екеуі бала кезімізден бізді оқытып, қатардан қалмай өсіп-өнуімізге бар күштерін салды. Отбасымызда төрт баламыз. Бір апам, екі қарындасым бар. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-дағы еңбек жолымда қиындығы мен қызығы қатар жүретін күрделі өндірістің қыр-сырына үйреткен Жанат Мұздарапов, Самат Ақтаев есімді тамаша азаматтар болды. Олар қазір де өндірістің алдыңғы шебінде. Өндірісте еңбек ету үлкен жауапкершілікті, ұқыптылық пен сақтықты талап етеді, жалқаулық пен ұйықтап жүруді кешірмейді. Бар зейін алдыңа сеніп берілген жұмыста болуы шарт. Жұмыс істеу кезінде «Казцинк» компаниясының бас директоры, яғни, барлық казцинктіктердің көшбасшысы Жанат Жанботин мырзаның «Қауіпсіздік – әркімнің жеке жауапкершілігі. Бұл біреудің жоғарыдан беретін тапсырмасы емес. Әр жұмыс күні осыдан басталуға тиіс міндет» деген міндетін басты ұстаным етемін және жұмыскерлерге қойылатын басты талап та осы, — дейді өндірісші азамат. Ғабит – тек еңбек адамы ғана емес, сонымен қатар, үлгілі отбасы иесі. Жолдасы Сәния Марленқызы екеуінің Осман мен Мұхаммедәли есімді бүлдіршіндері бар. Өндірістен бос уақытында үй шаруашылығымен, бала тәрбиесімен айналысатын Ғабит комбинаттың Жастар кеңесінің мүшесі, «Өндіріс волонтерлері» тобының белсенді мүшесі. Өмір жолы – қарапайым еңбекпен, адалдықпен және отбасына деген сүйіспеншілікпен өрілген. Ол – бүгінгі жастарға үлгі боларлық азамат.
