Өндіріс саласындағы тұрақтылық пен нәтижелілік ең алдымен адамдардың өзара түсіністігі мен сеніміне негізделеді. «Жәйрем кен байыту комбинаты» акционерлік қоғамында бұл қағидат берік ұстанымға айналған. Сол себепті комбинатта дәстүрлі түрде өткізілетін тоқсандық кездесулер бүгінде ұжымдық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Ағымдағы жылдың IV тоқсаны бойынша өткізілген кездесулер бұл жолы да мазмұндылығымен, ашық пікір алмасуымен және нақты нәтижелерге бағытталған талқылауларымен ерекшеленді.
Өндіріс пен еңбектің тоқсандық қорытындысы
Комбинаттың барлық бөлімшелерінде өткен кездесулерге басшылық құрам, кәсіподақ ұйымының өкілдері, цех бастықтары, еңбек қорғау мамандары және өндіріс қызметкерлері қатысты. Жиында әр бөлімше басшысы өз жұмысының тоқсандық нәтижесін ұсынды. Басшылық пен еңбек ұжымы өндірістік жоспардың орындалуын, өнім сапасын, еңбек өнімділігін арттыру шараларын және қауіпсіздік ережелерінің сақталуын бірлесе талқылады.
Бірқатар цехтарда еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік қызметкерлер аталып өтілді. Бұл — өндірістегі тәртіп пен жауапкершіліктің, сондай-ақ, әрбір жұмыскердің өз ісіне адалдығының айқын көрінісі.
Ашық диалог және нақты ұсыныстар
Кездесу барысында тек жетістіктер ғана емес, шешімін күткен мәселелер де ашық көтерілді. Қызметкерлер жабдықтарды жаңарту, қосалқы бөлшектердің уақытылы жеткізілуі, жұмыс процесін оңтайландыру және тұрмыстық жағдайларды жақсарту секілді өзекті тақырыптарды ортаға салды. Басшылық тарапынан бұл ұсыныстар назарға алынып, бірқатар бағыттар бойынша нақты іс-шаралар жоспары қабылданатыны айтылды.
Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда
Цех басшылары өз баяндамаларында өткен тоқсандағы өндірістік қауіпсіздік көрсеткіштері мен алдын алу шаралары жөнінде толық ақпарат берді. Жұмыскерлерге жұмыс орнында қауіпсіздік талаптарын сақтау, техникалық тәртіп пен жауапкершілікті арттырудың маңыздылығы тағы бір мәрте ескертілді.
Әлеуметтік мәселелер мен тұрмыс сапасы
Кездесу барысында күнделікті тұрмыс пен әлеуметтік қолдау тақырыптары да кеңінен талқыланды. Жұмысшылар азық-түлік бағасының өсуі, жалақыны нарықтық өзгерістерге сай қайта қарау, арнайы жұмыс киімдерінің сапасы және асхана қызметінің деңгейі жайлы өз пікірлерін білдірді.
Сондай-ақ, цехтарда берілетін оттекті коктейльдің ағзаға пайдалы әсері мен оны тұрақты қабылдау қажеттілігі туралы еңбек қорғау мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жүру кестесі өзгерген автобустар бойынша сұрақтар көтеріліп, цех басшылары мәселенің мән-жайын толық түсіндіріп өтті.
Кәсіподақ – жұмыскер мүддесінің қорғаушысы
Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбәрак Кәрібаев кездесуде еңбек ұжымының пікірін мұқият тыңдап, бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды.
– Біздің басты мақсатымыз – әр жұмыскердің өз орнында өзін қауіпсіз әрі әлеуметтік тұрғыдан қорғалғанын сезінуі. Кәсіподақ ұйымы мен Жұмыс беруші арасындағы Ұжымдық келісімшарт аясында біз қызметкерлердің әлеуметтік пакеттерін жетілдіру, тұрмыс жағдайларын жақсарту және еңбекақы жүйесін әділ жолмен дамыту бағытында тұрақты жұмыс істеп келеміз. Барлық өтініш пен ұсыныс назардан тыс қалмайды. Әрбір пікір — ортақ дамуға қосылған үлес, — деді Мүбәрак Кәрібаев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда кәсіподақ ұйымы мен басшылық әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту бағытында бірлескен жобаларды іске асырып жатыр.
Қызметкерлердің кәсіби дамуы – басты басымдық
Кездесулер барысында кадр саясаты мен кәсіби өсу мәселелері де назардан тыс қалмады. Персоналды оқыту, біліктілікті арттыру курстары, ішкі ротация және жастарды өндірістік ортаға бейімдеу бағдарламалары туралы ақпарат берілді. Басшылық тарапынан әр қызметкердің кәсіби дамуына қолдау көрсетуге дайын екендігі ерекше атап өтілді.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ тоқсандық кездесулері – бұл жай ғана есеп беру алаңы емес, шынайы диалог пен өзара сенім орнатудың маңызды қадамы. Осындай кездесулер ұжымдық бірлікті нығайтып, әр қызметкердің пікірін ескеруге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде өндірістегі тиімділік артып, ұжымдағы рух жоғарылай түседі. Ашықтық пен сенім – Жәйрем комбинаты табысының кепілі.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
