Қаражал қаласының орталық кітапханасында 16 қазан – Дүниежүзілік нан күніне орай тағылымдық іс-шара ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – нанның қадір-қасиетін ұғындыру, еңбек адамын құрметтеу және ұлттық дәстүрді дәріптеу болды.
Аталмыш шараға Аналар кеңесінің төрайымы Зәмзагүл Оспанова мен қаладағы бас наубайхананың иесі, өз ісінің шебері Жанар Әлиева арнайы қонақ ретінде қатысты. Қонақтар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды еңбекқорлық пен адалдыққа, нанды қадірлеуге шақырды. Жанар ханым наубайшы еңбегінің жауапкершілігі мен ерекшелігі туралы айтып, өз тәжірибесімен бөлісті.
Кітапханашылар нанның адам өміріндегі маңызы мен тарихы жайлы мағлұмат беріп, «Нан – береке бастауы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде нанның қасиетін, диқан мен наубайшы еңбегін бейнелейтін кітаптар, мақал-мәтелдер және мерзімді басылымдар қойылды.
Оқырмандар мен келген қонақтар өз ой-пікірлерін ортаға салып, нанның қадірін терең сезінудің маңызын атап өтті.
Іс-шара мазмұнды да әсерлі өтті. Қатысушылар еңбекті құрметтеу мен ұлттық дәстүрді дәріптеу қажеттігін тағы бір мәрте сезінді.
Тлеухор БАЙШУКЕНОВА,
«Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры.