Жаңаарқа ауданында кірпіш шығаратын шағын зауыт ашылды

Түгіскен ауылында Вибропессті аппарат арқылы кірпіш шығаратын шағын зауыттың ашылу салтанаты өтті. 

Рәсімде аталған аппарат салтанатты түрде іске қосылып, жиналған қауым кірпіш шығару процесіне куә болды.

Зауыт иесі — Түгіскен ауылының тұрғыны Ниязалин Ербол Ахметжанұлы.

Ербол Ахметжанұлы өз қаражаты есебінен құны 33 млн 500 мың теңгеге SSG-500 маркалы вибропрессті аппарат арқылы кірпіш шығаратын зауыт құрылғысын сатып әкеліп, орнатты.

Жалпы зауыт ашуға кәсіпкер өз қаражаты есебінен 80 млн. теңге жұмсады. Аталған зауыт пескоблок, қабырға блоктарын, тротуар плиткаларын, бордюр тастарын құйып шығарумен айналысады.

Аталған құрылғы сағатына 500-600 дана, күніне 5000-6000 дана кірпіш шығара алады. Қазіргі таңда аталған өндіріс орнында 6 адам тұрақты жұмыс атқаруда.

Өндіріс толық қуаттылығында жұмыс істегенде 12-15 адамға дейін тұрақты жұмыс беретін болады.