Ұстаздық пен ұйымшылдықтың үлгісі

Қара шаңырақ – №1 Тірек мектебі ресурстық орталығының ұстаздары үшін Кәсіподақ ұйымы тек қызметтік құрылым ғана емес, ұжымдық бірліктің, өзара қолдаудың, ұстаздық рухтың ұйытқысы болып келеді. Осындай ұйымның жұмысын жылдар бойы жауапкершілікпен атқарып келе жатқан жанның бірі – кәсіподақ ұйымының төрайымы Баршагүл Тоқтыбаева.

Баршагүл Салкенқызы 1997 жылдан бері осы білім ордасында еңбек пәнінің мұғалімі болып абыроймен еңбек етіп келеді. 31 жылдық еңбек өтілі бар білікті ұстаз өзінің тәжірибесі мен сабырлы мінезінің арқасында әріптестері арасында үлкен беделге ие. Ол ұстаздық жолды жүрек қалауымен таңдаған, шәкірт бойына еңбексүйгіштік пен іскерлікті дарытуды басты мақсат санайды.

– Кәсіподақтар күнімен құттықтаймыз! Осы мерекенің сіз үшін маңызы қандай?
– Кәсіподақ мерекесінің мен үшін маңызы – бұл еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда кәсіподақтардың рөлін атап өтетін маңызды күн. Кәсіподақтар – жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған ұйымдар. Бұл күні осы ұйымдардың еңбек адамдары үшін жасап жатқан еңбегі еленеді.

– Кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде бұл қызметке қалай келдіңіз?
– Бұл қызметке келуім – еңбек жолымдағы үлкен жауапкершілік пен сенімнің нәтижесі. Әріптестерімнің мәселелеріне бейжай қарамай, әділдік пен қолдауды бірінші орынға қойып жүрдім. Уақыт өте келе кәсіподақ жұмысына белсенді араласып, түрлі іс-шараларға атсалыстым. Әріптестерімнің сенімі арқасында осы қызметті абыроймен атқарып келемін.

– Кәсіподақ төрайымы болу үлкен жауапкершілік. Сізді не ынталандырады?
– Негізгі ынталандырушы күш – еңбек адамдарының құқығы мен мүддесін қорғауға деген шынайы ниет. Көп жағдайда адамдар өз құқықтарын толық білмейді, ал кәсіподақ оларға сүйеніш болуы тиіс. Әріптестерімнің сенімі мен қолдауы – менің ең үлкен мотивациям.

– Ұжыммен жұмыс істегенде қандай қағиданы ұстанасыз?
– Әділдік, ашықтық және өзара сыйластық – басты қағидаларым. Әр адамның пікірі маңызды. Тыңдай білу, уәдені орындау – сенімді нығайтып, ұйымшылдықты күшейтеді.

– Алдағы уақытта кәсіподақ ұйымының даму бағытында қандай бастамалар бар?
– Құқықтық білім беруді күшейту үшін семинарлар мен тренингтер ұйымдастыруды, жас мамандарды белсенді тартуды жоспарлап отырмыз. Жас мұғалімдерге арналған клубтар, көшбасшылық мектептері, спорттық-мәдени шаралар арқылы олардың қызығушылығын арттырамыз. Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған қызметкерлерге көмек көрсетуді, психологиялық қолдауды жетілдіруді көздеп отырмыз.

– Жас мұғалімдерді тартудың тиімді жолдары қандай?
– Кәсіподақтың нақты мүмкіндіктерін түсіндіріп, олардың бастамаларын қолдау қажет. Жастарды комитет жұмысына қосып, пікірін ескерсек – олар ұйымға сеніммен қарайды.

– Әріптестеріңізге тілегіңіз қандай?
– Барша әріптестерімді Кәсіподақтар күнімен құттықтаймын! Денсаулық, отбасылық береке, еңбекте табыс тілеймін. Ұжымдағы ынтымақ пен ауызбіршілік – ең үлкен құндылығымыз. Кәсіподақтың күшімен әлі талай жетістікке жетеміз деп сенемін.

Мағыналы әңгімеңізге рақмет!