Бүгінгі таңда еліміздің басты құндылықтарының бірі – ұлтаралық және конфессияаралық келісім. Қазақстан түрлі этнос пен дінді ұстанатын халықтың ортақ шаңырағы болып отыр. Осы бірлікті сақтау мен нығайту ісінде жастардың рөлі айрықша. Себебі, ел ертеңі – білімді, толерантты, өзара құрметті ұрпақтың қолында.
Жастар арасында конфессияаралық келісімді нығайтудың ең тиімді жолдарының бірі – тәрбие мен білім беру жүйесінде толеранттылық пен өзара түсіністік құндылықтарын қалыптастыру. Мектеп пен колледждерде дінтану, рухани жаңғыру, мәдениетаралық қарым-қатынас тақырыптарында ашық дәрістер мен кездесулер ұйымдастыру маңызды.
Сонымен қатар, жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің бастамалары ерекше рөл атқарады. Олар түрлі дін өкілдерінің қатысуымен еріктілік акцияларын, мәдени және спорттық шараларды өткізу арқылы бейбіт өмір мен татулық идеясын насихаттай алады.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер де жастардың санасына әсер ететін қуатты құрал. Осы бағытта діндер арасындағы өзара құрмет, ұлттық бірлік, қазақстандық патриотизм идеяларын кеңінен тарату қажет.
Конфессияаралық келісім – бұл тек мемлекет немесе дін қызметкерлерінің емес, әрбір жастың ішкі мәдениеті мен адамгершілік ұстанымының көрсеткіші. Сондықтан, өзге көзқарасқа түсіністікпен қарау, бір-біріне сыйластық таныту – қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі.
Бірлігі бекем елдің болашағы да жарқын болмақ. Ал осы бірлікті сақтау жолында жастардың белсенділігі мен жауапкершілігі – басты шарт.
Шыңғыс САҒЫНДЫҚ,
«Қаражал қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ директорының м.а.