Ағымдағы аптаның бейсенбісі күні Қаражал қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында кең көлемді тазалық шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында қала аумағы мен шеткері аймақтарда тазалық жұмыстары жүргізілді. Акцияға Қаражал қаласының барлық мемлекеттік мекемелері, білім беру және мәдениет ұйымдары, коммуналдық қызмет өкілдері белсене қатысты. Қатысушылар өздеріне бекітілген аумақтарды тазалап, қоқыс жинап, жол жиектерін ретке келтірді. Қаланың орталық көшелерімен қатар саябақтар, бос жатқан жерлер және тікұшақ алаңы да тазартылды.
Іс-шараның мақсаты — тек қала аумағын тазарту ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын түсіндіру. Бұл – жай ғана сенбілік емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Қоршаған ортаны қорғау – келер ұрпаққа қалдырар ең құнды мұра. Табиғатқа жанашырлық – әр азаматтың азаматтық борышы.
Қала әкімдігінің айтуынша, бұл биылғы жылдың соңғы сенбілігі емес. Алдағы уақытта да осындай экологиялық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. Себебі, қаланы таза ұстау — бір күндік емес, күнделікті ортақ жауапкершілік.
«Таза Қазақстан» — республикалық деңгейде өткізіліп жатқан кең ауқымды бастама. Оның басты мақсаты — табиғатты қорғау, елді мекендерді абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру.
Біз өз тарапымыздан қала тұрғындарын осындай игі істерге белсенді қатысуға шақырамыз. Таза қала – таза болашақтың кепілі. Елімізді, жерімізді таза ұстауға баршамыз біркісідей атсалысайық!
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ