Ұстазға тағзым – ұлт мерейі

Жыл сайын қазан айының алғашқы аптасында барша білім саласы өкілдері үшін ең қастерлі мейрам – Ұстаздар күні ерекше құрметпен аталып өтеді. Биылдан бастап бұл күн 5 қазан – Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен ресми түрде белгіленіп, еліміздің түкпір-түкпірінде ұстаздарға арналған салтанатты шаралар кеңінен ұйымдастырылды.

Сол игі дәстүрден №1 Тірек мектебі ресурстық орталығының ұжымы да қалыс қалған жоқ. Қазақтың қара шаңырағындай осы білім ордасының төрінде 11-сынып оқушылары өздерінің ардақты ұстаздарына арнап «Ұстазым – ұлағатым, үлгі-өнегем» атты мерекелік концерттік бағдарлама өткізді.

Кештің қадірлі қонақтары қатарында – Қаражал қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлбану Райсова, қалалық мемлекеттік архивтің басшысы Талғат Қасымов, мектеп директоры Жұмакүл Ахметова, ардагер ұстаздар мен педагогикалық ұжым мүшелері болды.

Мерекелік сәт барысында архив басшысы Талғат Аяпбергенұлы жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру, архив құжаттарын насихаттау ісіндегі белсенді еңбегі үшін тарих пәні мұғалімі Шынболат Төлегеновке Алғыс хат табыстады. Ал білім бөлімінің басшысы Гүлбану Серікқызы барша ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, қала әкімі Айқын Елеусізовтың атынан химия пәнінің мұғалімі Нүркен Сәрсекеевке және денешынықтыру пәнінің мұғалімі Қанат Құспановқа Алғыс хаттар тапсырды.

Кеш соңында мектеп директоры Жұмакүл Ахметова сөз сөйлеп, ұжымдағы әрбір ұстазға алғыс білдіріп, еңбектеріне шығармашылық табыс пен отбасылық береке тіледі.

Мерекелік бағдарламаның шарықтау шегі – 11-сынып оқушыларының тамаша концерті болды. Сынып жетекшілері Баршагүл Салкенқызы мен Аяулым Болатқызының жетекшілігімен дайындалған өнерлі түлектер ұстаздарына арнап әннен шашу шашып, жырдан жүлде тарту етті.

Кешке қатысқан барлық ұстаздар мен қонақтар ерекше әсер алып, мерекелік көңіл-күйге бөленді. Ұстазға деген шынайы құрмет пен ризашылыққа толы бұл кеш ұжымдық бірліктің, шәкірт сүйіспеншілігінің айқын көрінісіне айналды.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ