Қаражал вокзалы жаңғырып, өңір келбеті түлей түседі

Қаражал қаласы – Ұлытау облысының өндірістік және көлік саласындағы маңызды тірек нүктелерінің бірі. Бүгінде өңірдің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Осы бағытта облыс әкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов Қаражал теміржол вокзалында болып, атқарылып жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының барысын тексерді.

Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары вокзал ғимаратының ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарының сапасын, инженерлік жүйелердің жаңартылу деңгейін, сондай-ақ жолаушыларға арналған күту залы мен қызмет көрсету аймақтарының жағдайын қарап шықты.

— Қазір құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңдері баяу жүруде. Алдағы суық маусымға дейін ең маңызды жұмыстарды аяқтау қажет. Мердігер ұйымдар белгіленген мерзімге үлгеріп, сапаны басты назарда ұстауы тиіс, — деп атап өтті Алмаз Ыдырысов.

Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, вокзалдың жаңғыруы тек қала тұрғындары үшін ғана емес, Қаражал өңіріне қатынайтын жолаушылар үшін де маңызды. Себебі, бұл нысан аймақтың көлік байланысын қамтамасыз етіп отырған негізгі стратегиялық орталықтардың бірі.

Кездесу барысында мердігер компания өкілдері мен жауапты тұлғаларға техникалық шешімдерді келісу, жобалық-сметалық құжаттаманы нақтылау және мемлекеттік сараптама қоры тындысын алу процестерін жеделдету тапсырылды.

— Реконструкцияның басты мақсаты – жолаушылар мен тұрғындарға заманауи әрі қолайлы жағдай жасау. Бұл бағытта барлық жұмыстар сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Мамандардың мәліметінше, Қаражал вокзалындағы жаңарту жұмыстары толық аяқталған соң ғимараттың ішкі интерьері жаңарып, күту залы кеңейтіледі. Билет кассалары мен ақпараттық қызмет көрсету орындары заманауи форматта жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар мен бағыттаушы белгілер орнатылады.

Қала тұрғындары мен жолаушылар үшін бұл жаңғырту үлкен маңызға ие. Себебі, вокзал – тек көлік қатынасы ғана емес, Қаражалдың келбетін айқындайтын нысан. Оның жаңа келбеті қалаға сән беріп, өңірдің дамуына тың серпін әкелмек.

Теміржол нысандарының жаңаруы – облыстың көлік инфрақұрылымын жетілдірумен қатар, туризм мен бизнестің дамуына жол ашатын маңызды бастама.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ