Еңбек адамы – қоғамның үнсіз қаһарманы

Қоғамның даму тарихында батырлық ұғымы көбіне ерлік пен даңқ арқылы өлшеніп келді. Алайда уақыт өте келе батырлықтың жаңа түрі пайда болды — ол күн сайынғы адал еңбекпен ел игілігіне үлес қосатын қарапайым адамның ерлігі. Осындай азаматтар – қоғамның үнсіз қаһармандары.

Олар сахна төрінен көрінбейді, мінберлерден сөз сөйлемейді. Бірақ олардың еңбегі — мемлекет экономикасының, қоғам тынысының және күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Кенші, құрылысшы, дәнекерлеуші, ұстаз, дәрігер, агроном, жүргізуші — барлығы да ел дамуының тірегі.

Бүгінде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында осы еңбек адамдарына жаңа назар аудару – қоғамның рухани жаңғыруындағы маңызды кезең. Өйткені елдің өркениеттік деңгейі тек технологиямен немесе цифрлық шешімдермен емес, ең алдымен еңбек мәдениетімен өлшенеді.

Еңбек адамы — тұрақтылық пен жауапкершіліктің символы. Оның қолымен өндіріс дөңгелегі айналады, ауыл шаруашылығы дамиды, әлеуметтік инфрақұрылым нығаяды. Сол арқылы ұлттың болашағы, экономикалық қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұтастығы қамтамасыз етіледі.

Қарапайым еңбектің қадірін арттыру – қоғамның өзіне құрмет көрсетуі. Сондықтан бүгінгі таңда еңбек адамының мәртебесін көтеру – тек әлеуметтік міндет емес, ұлттық идеологиялық басымдық. Бұл – жас ұрпаққа еңбектің қадірін ұғындыру, кәсіптік білім мен нақты мамандыққа ынталандыру миссиясымен сабақтас.

 

Құрмансейітов Жалғасқан Ахатұлы

«Қазыналы өңір» Өңірлік газеті 

ЖШС директоры