Мұғалімдер күні қарсаңында Жезқазған қаласында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асырудағы инновациялық озық тәжірибені кеңінен тарату мақсатында «Үздік сынып жетекшісі» облыстық байқауы өтті. Бұл білім бәйгесі Ұлытау облысының жалпы орта білім беру ұйымдарында педагогикалық шеберлікті шыңдауға, ұстаздардың шығармашылық әлеуетін арттыруға және сынып жетекшілерінің әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталған.
Жарысқа өңірдің барлық қалалары мен аудандарынан келген үздік педагогтер қатысып, өздерінің кәсіби біліктілігін паш етті. Солардың қатарында Қаражал қаласының намысын қорғаған № 10 жалпы білім беретін мектебінің информатика пәнінің мұғалімі әрі 11 «а» сыныбының жетекшісі Жұлдыз Еділбаева да бар. Ол қалалық кезеңнің жеңімпазы атанып, облыстық деңгейдегі додада өзінің тәжірибесін ортаға салды.
Байқау бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өзін-өзі таныстыру арқылы сыныптағы қолайлы психологиялық ахуал құру, оқушылармен жеке жұмыс жүргізу және ата-аналармен сындарлы ынтымақтастық орнатудағы әдістерін көрсетті. Келесі «Кейс-сессия» бөлімінде сынып жетекшісінің қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттарды білу деңгейі сыналды. Ал соңғы кезең – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жобалық қызметі болды. Мұнда ұстаздар оқушылардың дербестігін дамытуға, топтық әрекетті үйлестіруге, шығармашылық пен инновацияны қолдауға бағытталған жобаларын қорғады.
Жарыс қорытындысында Жұлдыз Еділбаева «Ұрпақ тәрбиесіндегі ұтымды идея» номинациясын жеңіп алды. Бұл марапат – оның тек пән мұғалімі ғана емес, ұрпақ болашағына зор үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаз екенінің айқын дәлелі.
Ұстаз еңбегі қашанда елеулі. Жас ұрпақтың бойына біліммен бірге ізгілік пен адалдықты сіңіріп, елжандылыққа тәрбиелеу – әрбір мұғалімнің басты міндеті. Жұлдыз Болатқызының осы бағыттағы еңбегі лайықты бағаланып, көптің құрметіне бөленіп отыр.
Өзінің төл мерекесін осындай жетістікпен қарсы алып отырған ұстаздың еңбегі қашанда жемісті болып, әр қадамы абыройға толы болсын дейміз. Жеңісті де жемісті күндері көп болғай