Ұстаздық ғұмырдың мөлдір арнасы

Қаражал қаласындағы № 1 Тірек мектебі – талай түлек түлеткен қарашаңырақ. Осы білім ордасында шәкірттерін ана тілінің нәрімен сусындатып келе жатқан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Мереке Иманберлина – өз кәсібіне адал, жүрегін балаларға арнаған асыл жан.
Қай қоғамда болмасын ұстаз – ұлттың рухани сәулесін жаққан шамшырақ. Ал сол шамшырақтың жарығы қаншалықты ұзақ жанса, шәкірт жүрегіне соншалықты терең із қалдырады. Сондай қалдырған ізі мәңгілік жан – Мереке Қадылқызының ұстаздық жолы сонау 1997 жылы О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін тәмамдаған кезден бастау алады. Жастық жігерін, алған білімін туған жерінің балаларына арнап, алғаш еңбек қадамын № 1 мектептен бастады. Содан бері де міне, ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті.
Ол – тек сабақ берумен шектелмей, үнемі жаңашылдыққа ұмтылып жүретін ұстаз. 2022 жылы «Өрлеу» ұлттық орталығы ұйымдастырған кәсіби даму курсына қатысып, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңа тәсілдерін әріптестеріне үйреткені – соның бір айғағы. Әр сабағын шәкіртпен сырласу сәтіндей өткізетін ұстаздың бойынан шығармашылық қуат пен шынайы ізденістің лебі есіп тұрады.
Мереке Қадылқызы үшін ең үлкен мақтаныш – шәкірт жетістігі. Оның баулып жүрген жастары «Зерде» жобалық байқауында, «Абай оқуларында», мәнерлеп оқу сайыстарында жүлде алып, қалалық та, облыстық та білім бәйгелерінде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Мәселен, 8-11 сынып оқушылары арасында өткен XXVI Республикалық «Абай оқулары» шығармашылық конкурсының облыстық кезеңінде «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» номинациясына 9 сынып оқушысы Толқын Қадылова қатысып, ІІ орын жеңімпазы болды. Ал, қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына орай өткізілген «Асыл сөздің алдаспаны» атты мәнерлеп оқу байқауында І орынды Жания Алпысбай, ІІ орынды Нұрәсем Мүталлап иеленді.
Сондай-ақ, «Тіл – татулық тірегі» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің айлығы аясында 5-10 сыныптар аралығында өткен буктрейлер байқауының жеңімпазы Айым Мамық «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты аймақтық фестивалінің «Saken Seifullin «Thorny path» book trailer» байқануына қатысып, С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы бойынша буктрейлер дайындап, ІІІ орын иеленді. Әрбір жеңіс – ұстаздың маңдай терінің, табанды еңбегінің жемісі.
Сабақпен шектелмей, мектептегі пікірсайыс клубына жетекшілік етіп, жасөспірімдердің ой еркіндігін дамытқаны, көпшілік алдында сөйлеуге баулығаны – оның тағы бір қыры. Осы мақсатында өткен «Жастар жарқын болашаққа» CUP ІІІ облыстық пікірсайыс турнирінің мектепішілік іріктеу кезеңіне 7-8 сынып оқушылары арасынан 18 оқушы қатысты. 9 «ә» сыныбынан құралған «Мұлахаза» тобының облыстық пікірсайыс турниріне жолдама алуы – соның нақты дәлелі.
Ұстаздың еңбегі тек шәкірт жүрегінен ғана емес, қоғам тарапынан да лайықты бағасын алды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, облыс пен қала әкімдерінің марапаттары, «AMANAT» партиясының Алғыс хаты – оның еңбегіне берілген әділ баға. Бірақ, ең қымбат марапат – саналы шәкірттің «Ұстазым!» деп айтқан ыстық ықыласы екені анық.
Қазақтың асыл сөзін бойына сіңірген Мереке Қадылқызының әдебиетке деген сүйіспеншілігі ұстаздық жолымен астасып жатыр. Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған аймақтық фестивальге қатысуы, ғылыми-практикалық конференцияларда тәжірибесімен бөлісуі – оның рухани әлемінің кеңдігін аңғартады.
Мереке Иманберлина – ұстаздықты өзінің өмірлік мұратына айналдырған жан. Ол үшін әр сабақ – жүрекпен берілген тағылым, әр шәкірт – болашаққа сенім. Мұндай жандардың өмірі – ұстаздық ғұмырдың мөлдір арнасы іспетті.