Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жәйрем кентінде жұмыс сапарымен болып, кенттің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту барысымен танысты. Сапар барысында өңір басшысы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жобаларды бақылап, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.
Алдымен облыс әкімі Жәйрем кентіне газ желілерін тарту жұмыстарының барысына назар аударды. Бұл – кент тұрғындары көптен күткен ірі жобалардың бірі. Дастан Адайұлы көгілдір отынға қосылатын әлеуметтік нысандарды алдын ала анықтау қажеттігін атап өтіп, аталған жұмыстардың қарқынмен әрі сапалы жалғасуын тапсырды. Сонымен қатар, өңір басшысы газдандыру жобаларын қаржыландыру тұрғысынан ешқандай кедергінің болмайтынын жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстардың облыс әкімдігі тарапынан толық қолдау табатынын айтты
Сапар аясында өңір басшысы «Жәйрем Марганец» акционерлік қоғамының өндірістік қызметімен де танысты. Кәсіпорын аймақтағы ірі өндіріс ошақтарының бірі саналады. Әкім кәсіпорынның әлеуетін жоғары бағалап, өндіріс орнының өңір үшін маңызды әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне атсалысуын ұсынды. Бұл – жергілікті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған бастама.
Сонымен бірге, облыс әкімі Жәйрем кентін орталық кәріз жүйесіне қосу жұмыстарының жай-күйін тексерді. Аталған жобаның мерзімі кешеуілдеп отырғанын сынға алған Дастан Адайұлы мердігер мекемеге жағдайды түзету үшін бір ай уақыт берді. Жоба елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал ететіні белгілі.
Жалпы алғанда, өңір басшысының Жәйрем кентіне сапары елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруді көздейді. Газдандыру, кәріз жүйесін жаңғырту және әлеуметтік нысандар салу – жергілікті халықтың күнделікті өміріне оң ықпал ететін маңызды қадамдар.
– Жәйрем тұрғындары үшін жағдай жасау – облыс басшылығының басты міндеті. Бұл бағыттағы барлық жоба қатаң бақылауда болады. Халыққа уәде етілген жұмыстар дер кезінде әрі сапалы орындалуы тиіс, – деп атап өтті Дастан Рыспеков сапар қорытындысында.
Жәйрем кентінің тұрғындары әкімнің сапарынан үлкен үміт күтеді. Облыс басшылығының нақты бақылауы мен жауапты мекемелердің жүйелі жұмысы арқылы жоспарланған жобалар дер кезінде аяқталса, кенттің болашағы бұдан да жарқын болары анық.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ