Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің бастамасымен «Даналық көпірі» жобасы аясында Еңбек күніне орай жастармен тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны қаламыздың ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі ұйымдастырды.
Бұл кездесудің негізгі мақсаты – жастар мен аға буын арасындағы рухани сабақтастықты нығайту, еңбекке деген құрметті арттыру, сондай-ақ өмірлік тәжірибе мен тәлім-тәрбиені ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу болды. Жиын барысында еңбек құндылығының қоғамдағы орны мен маңыздылығы кеңінен сөз болып, жастарға бағыт-бағдар берілді.
Кездесуге Қаражал қаласының Құрметті азаматы, қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мешітбай Омаров арнайы шақырылды. Қала өмірінің әлеуметтік-мәдени дамуына елеулі үлес қосқан ардақты азамат жастармен ашық әңгіме өрбітіп, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол еңбек мәдениеті, қазіргі заман жастарының ізденісі мен жауапкершілігі, еңбек адамының қоғамдағы рөлі жөнінде маңызды ойлар айтты.
Сонымен қатар, жас буынға кәсіби бағыт-бағдар берудің, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Жиын барысында жастар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тиісті ақыл-кеңес алды. Әсіресе, еңбекке адалдықпен қарау, табандылық таныту, ұлттық дәстүрді сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Бұл жастардың болашаққа деген сенімін нығайтып, қоғамдағы жауапкершілікті сезінуге ықпал етті. Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпаққа еңбек адамының биік мәртебесін ұғындырып қана қоймай, оларды ұлттық құндылықтар мен ізгі дәстүрлерге баулиды.
Ең бастысы, жастар үшін ақыл-кеңес пен өмірлік тәжірибенің сарқылмас қайнар көзі болып табылатын аға буынмен жүздесудің мәні ерекше. «Даналық көпірі» жобасы аясындағы бұл басқосу – еңбекке құрмет көрсету арқылы жастардың бойына жауапкершілік, іскерлік пен табандылық қасиеттерін дарытудың айқын көрінісі болды.
Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұрпақтар арасындағы алтын көпірді одан әрі нығайта түсері сөзсіз.