Қаражал қаласында елдің рухани дамуына бағытталған игі шара – діни сауаттылықты арттыруға арналған семинар өтті. Аталмыш іс-шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры, белгілі теолог Мақсатбек Қайырғалиев өткізді.
Семинардың негізгі мақсаты – халық арасында діни білім деңгейін көтеру, дәстүрлі ислам құндылықтарын кеңінен түсіндіру және қоғамда туындап отырған діни мәселелерге қатысты көкейдегі сұрақтарға тұщымды жауап беру болды.
Семинар барысында Мақсатбек Мақсотұлы қазіргі заманда діни сауатсыздықтың түрлі адасушылықтарға апарып соқтырып жатқанын тілге тиек етті. Ол ҚМДБ ресми ұстанымдарына сәйкес дұрыс әрі сенімді діни білім алудың маңыздылығын атап өтті. Шариғаттағы негізгі ұғымдар, зекеттің мәні мен маңызы, қайырымдылық мәдениетінің қоғамдағы орны мен рөлі жөнінде жан-жақты мағлұмат беріп, тыңдаушыларды ойға салды.
Семинар еркін форматта өтті. Қатысушылар тарапынан түрлі мазмұндағы сұрақтар қойылып, пікір алмасу алаңы қалыптасты. Мақсатбек Мақсотұлы әр сұраққа нақты, дәлелді жауаптар беріп, дін мен ұлттық салт-дәстүр арасындағы үйлесімділік жөнінде кеңінен тоқталды. Ол халықтың имани иммунитетін көтеру, әсіресе жастарды жат ағымдардан сақтау үшін діни сауаттың ауадай қажет екенін баса айтты.
Халал банктер мен исламдық қаржы жүйесі де семинарда кеңінен қозғалды. Теолог халал қаржы жүйесінің негізгі қағидалары – нақты активтермен жұмыс істеу, тәуекелді әділ бөлісу секілді принциптерге сүйенетінін айтты. Бұл жүйе мұсылман адамның табыс табу жолында шариғат талаптарын сақтауға, адал жолмен қаржы жүргізуге мүмкіндік беретіні айтылды. Қатысушылар ислам банкингіне қатысты көкейлеріндегі сауалдарын қойып, нақты әрі түсінікті жауап алды.
Семинар барысында Мақсатбек Мақсотұлы ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған коррекциялық орталық салу мәселесін де қозғады. Ол қоғамдағы мұндай балалардың жағдайы жіті назарда болуы тиіс екенін, оларға тек медициналық емес, рухани және психологиялық қолдау да қажет екенін атап өтті. Осы ретте, жергілікті қайырымды жандар мен кәсіпкерлерді осындай әлеуметтік маңызы зор орталықтарды ашуға атсалысуға, бұл бағытта арнайы бағдарламалар мен жобалар жасауға шақырды.
Семинарға мешіт жамағаты, жастар, дін саласының мамандары мен қала белсенділері қатысты. Шара соңында Мақсатбек Мақсотұлы барша жұртты рухани-ағартушылық бастамаларды қолдауға, діни білім мен ізгілікті қатар дамытуға, сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған нақты жобаларды жүзеге асыруда белсенді болуға үндеді.
Бұл семинар Қаражал жұртшылығына тың серпін беріп, діни сауаттылықты арттырып қана қоймай, әлеуметтік жауапкершілікті де жаңаша пайымдауға мүмкіндік берді.