Ағымдағы аптаның басында Қаражал қаласында жылу беру маусымына дайындық, қаладағы тазалық жағдайы және құқықтық тәртіпті сақтау мәселелері бойынша кезекті штаб отырысы өтті. Жиынға қалалық мекеме басшылары қатысты. Жиынды қала әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов жүргізді.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – 2025-2026 жылғы жылу маусымына дайындық. Қаланың барлық аудандарында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылытуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауа райының күрт салқындауына байланысты мектептерде жылу жүйесін ертерек қосу жұмыстары қолға алынған.
Аманқазы Наукенов өз сөзінде білім беру мекемелерінде қолайлы жағдай жасау — бірінші кезектегі міндет екенін атап өтті. Алайда, дайындық барысында бірқатар қиындықтар да бар екені айтылды.
Қазіргі кезде қала бойынша пеш жағушылардың жетіспеушілігі байқалады. Осы орайда, әкім орынбасары бұл мәселені созбалаңға салмай, кадр тапшылығын шешу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Жиында қаланың тазалық жағдайы да қаралды. Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі қала бойынша тазалық жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.
— Қаланың көркі – әр тұрғынның жауапкершілігі. Коммуналдық мекемелер жұмыс істеп жатыр, бірақ, тұрғындардың да өз ауласын таза ұстауға қатысуы маңызды, – деді Аманқазы Наукенов.
Алда жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары күшейтілетіні де айтылды.
Қалалық полиция бөлімі соңғы аптада жүргізілген рейдтер туралы есеп берді. — Полиция рейдтері жалғасады. Қоғамдық қауіпсіздік – басты басымдықтың бірі, – деді полиция бөлімінің өкілі.
Штаб отырысының қорытындысы бойынша қала әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов жауапты мекемелер мен бөлім басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ